
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамалар аясында шұғыл әрі нақты тапсырмалар берді.
Үкімет басшысы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң жобаларын Парламент қабырғасында пысықтау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл құжаттар елдегі цифрландыру үдерісін құқықтық жағынан қамтамасыз ететін маңызды құралға айналуы тиіс.
«Цифрлық даму министрлігі Парламент қабырғасында Цифрлық кодекстің және “Жасанды интеллект туралы” заң жобаларының пысықталуын жеделдетсін. Бұдан бөлек, цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі “Digital Qazaqstan” тұжырымдамалық құжатын әзірлеуге кірісу керек», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, жаңа тұжырымдама еліміздің алдағы үш жылдағы цифрлық даму бағытын айқындайды. Құжатта салалық басымдықтар, нақты мақсаттар мен межеленген нәтижелер, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдардың міндеттері айқын жазылуы тиіс.
Министрлік құрылымында да өзгерістер күтілуде. Үкімет басшысы ведомствоны қайта ұйымдастырып, жаңа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы Президент Жарлығының жобасын әзірлеуді тапсырды.
«Цифрландыру министрлігі қайта ұйымдастыру және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы Президент Жарлығының жобасын енгізуге тиіс», – деді Премьер-министр.
Аталған тапсырмалар Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында жариялаған цифрлық даму бағытының нақты жүзеге асуына жол ашпақ.