Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Елімізде тұрғын үй бағасы 2025 жылы айтарлықтай өсті

Елімізде тұрғын үй бағасы 2025 жылы айтарлықтай өсті

2025 жылы Қазақстанда тұрғын үй бағасы едәуір артты.

Қазан айының қорытындысы бойынша жаңа пәтерлердің құны 13,1%-ға, екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы 11,6%-ға көтерілді. Сарапшылар бұл өсімді бірнеше негізгі фактормен байланыстырады.

Біріншіден, 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін өсетіні белгілі болды. Құрылыс компаниялары бұл өзгерісті алдын ала бағалап, жаңа жобалардағы шаршы метр бағасына ҚҚС өсімін қосты. Халық та бағаның міндетті түрде өсе түсетінін түсініп, сатып алуға асықты, бұл сұранысты арттырды.

Екіншіден, үлестік құрылыс ережелері қатаңдатылды. Енді мәмілелер тек үлестік қатысу шартымен жасалады, жарнама мен кепілдік талаптары күшейтілді. Бұл жаңа жобалар ұсынысын азайтып, бағаның өсуіне әсер етті.

Үшіншіден, маусымдық белсенділік те әсер етті. Жаз-күз мезгілінде сатып алушылар белсенді болып, сұраныс артады.

Төртіншіден, доллар бағамының өсуі құрылыс материалдарының өзіндік құнын арттырып, жаңа тұрғын үйлердің бағасын қымбаттатты. Екінші нарықта да сатушылар доллар бағамына байланысты бағаны реттейді.

Айта кетейік, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар тұрғын үй бағасын күрт көтеруге себеп болмаған. Олар халыққа ұзақ мерзімді қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған үйлердің бағасы үш жылға тұрақты болады.

Numbeo деректеріне сәйкес, Қазақстандағы тұрғын үй бағасы ТМД елдерімен салыстырғанда қолжетімді болып отыр. Баға мен табыс қатынасының индексі Қазақстанда 9,7 болса, Ресейде – 15,45, Қырғызстанда – 14,64, Өзбекстанда – 13,58, Беларусьте –12,59, Арменияда – 20,89 көрсетілген.

Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй бағасының өсуі заңнамалық өзгерістер, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімі, маусымдық және валюталық факторлармен тығыз байланысты.

Ұқсас материалдар