Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Qazaqstan» телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында «Заң және Тәртіп» қағидасының маңыздылығына және азаматтардың жалпы құндылықтар мен қағидаттардың сақтау қажеттілігіне баса назар аударды.
Кейде билік тарапынан тәртіптің сақталуы туралы ойлар айтылып жатса, бұл азаматтардың бостандығы мен еркіндігіне қауіп төндіреді, билік барлығын қадағалауда, бақылауда ұстауға ұмтылды деген бұрыс түсінік қалыптасады. Осы орайда, Ерлан Қариннің пікірінше, еркіндік, бостандық қағидаттары бір-біріне қайшы емес, бірақ, кез келген жағдайда тәртіп болуы қажет:
«Президентіміздің айтып жүрген «Заң және Тәртіп» қағидаты өз ортамыздан өз айналамызда қарапайым ережелерді сақтаудан басталады. Әрқайсымыз бір-бірімізге, бір-біріміздің пікірімізге құрметпен қарайтын болсақ, ережелерді сақтайтын болсақ, заңдарды құрметтейтін болсақ, еліміздің де дамуы сол бір қалыпта болып, алға қойған мақсаттарға жете береміз. Президент Моңғолияда болған сапарында бір сөзінде: «Заң және тәртіп қағидаты бұл – мемлекетті құру, мемлекеттің саясатын құрудың негізгі бір нормасы, ережесі, қағидаты»,- деп айтты. Шынында да дәл солай, мемлекет мұндай қағидатсыз орныға алмайды. Егер де мемлекетіміз орнығып, күшейіп, қуатты мемлекет болсын, өсіп-өркендесін десек, онда барлығымыз, белгіленген құндылықтар мен қағидаттарға сәкес жүруіміз керек».