Еуропа одағы импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі – Президент

Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент ерекше қонақжайлық көрсеткен және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты. Сонымен қатар көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым ниет танытқаны үшін Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаға, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенге және Орталық Азия елдерінің басшыларына шынайы ризашылығын білдірді.
Қазақстан Президенті геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Еуропа Одағының келешектегі күн тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салды.
Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.
Мемлекет басшысы энергетика саласын ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты ретінде атады.
– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз.
Дегенмен шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз. Қазақстан жаңартылатын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сирек кездесетін минералдарды игеру саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы зор.
Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар. Сонымен қатар еліміз Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр. Бұл ретте Президент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Аталған ғылыми мекеме кәсіпорындар мен инвесторларды игеруге болатын кеніштер, технологиялардың дамуы туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасында тиімді жеткізу тізбегі қалыптасқан транзит торабына айналуға мүмкіндігі бар деп санайды. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құраған. 2027 жылға қарай жүк көлемін он миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына оң септігін тигізіп отырған Global Gateway стратегиясына қолдау білдірді.
Қазақстан декарбонизация бастамаларын белсенді жүзеге асырып келеді. Президент еліміздің әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Өткен жылы Қазақстанда Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе ашылды.
Мемлекет басшысы цифрлық технология мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша тоқталды.
– Қазақстан аталған салаларға инвестицияны арттырды. Жыл басында Президент жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды. Қазір елімізде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама басталды. Астанада Alem.ai жоғары технологиялар орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол инновацияны енгізумен, стартаптарды қолдаумен және осы салада зерттеулер жүргізумен айналысады. Бұдан бөлек, біз жасанды интеллект саласының дамуын жеделдету үшін Венчурлік қорды іске қостық. Еуропа Одағы Team Europe бастамасы арқылы Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өркендетуге көмек көрсетіп келеді. Қазақстан бұл бағытта тәжірибе алмасуға дайын. Осы орайда Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Еуропа Одағы еліміздің ғылым және білім саласындағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.
– Мемлекеттеріміз Erasmus+, Horizon Europe бағдарламалары және тағы да басқа бастамалар аясында ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Қазақстанда отыздан астам шетелдік университеттің бөлімшелері ашылды. Бұл елімізде академиялық білімнің өркен жаюына ықпал етеді. Біз гранттар мен стипендиялар санын көбейтуге мүдделіміз. Мұндай бірлескен бағдарламалар бірқатар Еуропа елдерімен жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді Президент.