Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан 2029 жылға қарай 150 млрд доллар инвестиция тартуды көздейді

Қазақстан 2029 жылға қарай 150 млрд доллар инвестиция тартуды көздейді

Қазақстан 2029 жылға дейін ұлттық экономикаға кемінде 150 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартуды көздеп отыр.

Бұл туралы Атырауда өткен өңірлік инвестициялық штаб отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік органдардың өкілдері мен инвесторлар қатысып, өңірдегі ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Үкімет алдына 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу міндеті қойылған. Осы мақсатқа жету үшін елімізде инвестиция тартудың үш деңгейлі жүйесі қалыптастырылған.

– Бүгінде шетелдік инвестицияларды тарту бойынша сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлерде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – инвестициялық тапсырыс. Ол өңірлердің артықшылықтарын ескере отырып, инвесторларға нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Ол сондай-ақ Атырау облысының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 60 пайыздан астамы және табиғи газдың шамамен 80 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі.

Өз кезегінде облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірде бірнеше ірі индустриялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Олардың қатарында «Силлено», «KMG PetroChem» және бутадиен өндіру жобалары бар.

– Атырау облысы мұнай сервистік бағыттан біртіндеп мұнай-газ химиясы мен ауыр машина жасау салаларын дамытуға көшіп келеді. Дегенмен өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпорындардың салықтық тіркелу мәселесін шешу маңызды, – деді облыс әкімі.

Жиында сондай-ақ «Атырау» арнайы экономикалық аймағының инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Қатысушылар жаңа инвесторларды тарту және өндірістік жобаларды уақытылы іске қосу үшін рәсімдерді жеделдету қажеттігін атап өтті.

Кәсіпкерлер де өз жобаларын таныстырды. «Фибратекс» компаниясы қалдықтарды терең өңдеу арқылы полиэфирлі талшық өндіру жобасын ұсынса, «Атырау вагон жасау зауыты» өндіріс қуатын арттыру жоспарларымен бөлісті.

Жиын қорытындысында Әлібек Қуантыров инвестициялық жобаларды іске асыру барысында көтерілген мәселелердің жедел шешілуі маңызды екенін айтты.

Қазіргі таңда Атырау облысында жалпы құны 7 триллион теңгеден асатын 60 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде өңірде 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жұмыс сапары аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап, өндірісті дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.

Ұқсас материалдар