Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан алдағы 4 жылда 5 мың шақырым жаңа теміржол салады – Бектенов

Қазақстан алдағы 4 жылда 5 мың шақырым жаңа теміржол салады – Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда алдағы төрт жыл ішінде 5 мың шақырым жаңа теміржол салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Премьер-министр бұл туралы Астанада өткен Теміржол ынтымақтастығы ұйымының 40-шы конференциясында айтты. Жиынға 30-дан астам елден 300-ге жуық сала өкілдері қатысты.

Бектеновтің сөзінше, жаңа жобалар теміржол инфрақұрылымын кеңейтіп, транзиттік әлеуетті арттыруға және жүк тасымалын көбейтуге бағытталған. Елдің мақсаты – 2035 жылға қарай транзит көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткізу.

Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік саласына шамамен 35 млрд доллар инвестиция салған. Осы кезеңде 2,5 мың шақырымнан астам жаңа магистральдық жол салынды. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдардың басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді.

Негізгі бағыттардың бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Бұл жоба аясында Ақтау порты мен Құрық портында инфрақұрылым жаңғыртылып, контейнерлік хабтар кеңейтілуде. 2029 жылға қарай тасымал көлемін 300 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайту жоспарланған.

Сонымен қатар, Солтүстік – Оңтүстік дәлізі арқылы Парсы шығанағы мен Үндістан бағытындағы жүк тасымалы да дамып келеді.

Салада цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, TezCustoms платформасы енгізіліп, Қытаймен шекарада жүктерді рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.

Үкімет мәліметінше, бұл жобалар Қазақстанның жаһандық көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.

Ұқсас материалдар