
Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорына республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін 120 млрд теңгеге өтінім дайындалды.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің сенаторлардың сауалына берген жауабында айтылған.
«Отандық қорғаныс кәсіпорындарының дамуын қолдау және ынталандыру үшін қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылды. Бүгінгі таңда қордың қызметін реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық база қабылданды және Қарулы Күштердің артиллериялық оқ-дәрі, зеңбірек, жауынгерлік модуль және т.б. сияқты аса маңызды өнімдерге мұқтаждығын қанағаттандыруға бағытталған бірінші кезектегі жобалар пулы жасалды», – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов қазіргі уақытта қордың жарғылық капиталын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін 120 млрд теңге сомасына өтінім дайындалды. Сыртқы инвестицияларды тарту мақсатында бірқатар шетелдік инвесторлармен (Қытай, БАӘ, Түркия, Катар, Сингапур және т.б.) келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарында индустриялық сертификаттың болуы жөніндегі талаптарға қатысты қазіргі уақытта мемлекеттік қорғаныс тапсырысы орындаушыларын таңдау тиісті өндірістік, инженерлік және біліктілік мүмкіндіктері бар кәсіпорындар арасынан жүзеге асырылатынын атап өтеміз» делінген жауапта.
Үкімет басшысының жауабына сүйенсек, қазір елімізде 2 әскери сынақ полигоны жұмыс істейді. Олар Ембі және Сарышағанда орналасқан. Арнайы полигондарда әскери техника мен қару-жарақтың басқа да түрлеріне әскери сынақ жүргізіледі.