Сенаттағы Үкімет сағатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуетіне қатысты мәлімет берді.
Оның айтуынша, биыл 16 ветеринариялық сертификат келісіліп, бұл қазақстандық өнімдердің жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік туғызған.
Қазіргі таңда Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдерін ЕО елдері, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Ирак, Иран және басқа да 42 мемлекетке экспорттауға жол ашық. Қытаймен де бірқатар хаттамаларға қол қойылған. Құжаттарда сойылған ірі қара, мұздатылған құс еті, термиялық өңделген қой, ешкі және шошқа еті сияқты өнімдерді жеткізу қарастырылған.
Биыл Қытай тарапынан отандық кәсіпорындарға инспекция жүргізілген, оның нәтижелері әлі күтіліп отыр. Министрліктің мәліметінше, шетелдік тізілімге 3 728 қазақстандық кәсіпорын енгізілген.





