Қазақстан мен Индонезия арасында еркін сауда туралы келісімге қол қойылды
Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия Республикасы арасында Еркін сауда туралы келісім жасалды.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Келісімге сәйкес, тауар номенклатурасының 90 пайыздан астамына бажсыз сауда режимі енгізіледі. Жекелеген тауарлар бойынша кедендік баждар 3 жылдан 15 жылға дейінгі кезеңде кезең-кезеңімен төмендетіледі. Нәтижесінде Индонезия нарығында ЕАЭО елдері үшін орташа импорттық баж мөлшерлемесі 10,2%-дан 2%-ға дейін қысқарады.
Бұл қадам қазақстандық ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерінің Индонезия нарығына шығуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Келісім сондай-ақ кедендік ынтымақтастық, техникалық, санитариялық талаптар, зияткерлік меншік, электрондық сауда және экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қамтиды.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 300,5 млн долларды құрап, 4,9%-ға өскен. Қазақстаннан экспорт 120,8 млн долларға жетсе, Индонезиядан импорт 179,8 млн долларды құрады.





