Тегеранда өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшыларының қатысуымен екі ел арасында төмендегі үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қою рәсімі өтті:
-
Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт – Қазақстан мен Иранның құқық қорғау органдары арасындағы іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
-
Автокөлік арқылы жолаушылар және жүк тасымалдау туралы келісімге енгізілген түзетулер жөніндегі хаттама – екі ел арасындағы көлік қатынасын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
-
Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы – дипломатиялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
-
2026-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы – мәдениет саласындағы серіктестікті нығайтады.
-
Зияткерлік меншік саласындағы меморандум – Әділет министрлігі мен Иранның тіркеу ұйымы арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған.
-
Көлік, транзит және логистика салалары бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум – көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетті арттыруға бағытталған.
-
Денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум – медициналық тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды қолдауға мүмкіндік береді.
-
Телерадио саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум – Қазақстан Президентінің Телерадио кешені мен Иранның радиотелевизия ұйымы арасындағы бірлескен жұмысты дамытуға бағытталған.
Бұл құжаттар екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.





