Қазақстан мен Мажарстан президенттері Alem.AI жасанды интеллект орталығына барды

Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барып, орталықтың қызметімен танысты.
Alem.AI – еліміздегі заманауи технологияларды дамытуға, талантты жастарды қолдауға және жасанды интеллект пен ІТ саласындағы перспективті жобаларды ілгерілетуге бағытталған инновациялық кеңістік. Бұл жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, елді өңірдегі ЖИ көшбасшысына айналдыруды көздейді.
Орталық ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында ЖИ технологияларын енгізуге ықпал етеді. Alem.AI ұлттық ЖИ экожүйесін қалыптастыруға, инвестиция тартуға, стартаптарды қолдауға және отандық шешімдердің экспортын 2029 жылға қарай 5 млрд долларға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Президенттерге орталық құрамындағы бірнеше бағыт таныстырылды. Олардың қатарында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі, TUMO креативті технологиялар орталығы, стартап-кампус, зертханалар мен AI-driven Government аймағы бар.
Сапар барысында Мемлекет басшысына қазақстандық әзірлеушілердің бірқатар жобалары таныстырылды. Атап айтқанда:
-
Mirai Tech ұсынған биомеханикаға негізделген портативті ЖИ зертханасы;
-
AltBridge – жария нарықтағы инвестициялық портфельді бақылау жүйесі;
-
Defect AI – дәрігерлерге қағазбастылықты азайтып, науқастарға көңіл бөлуге мүмкіндік беретін шешім.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Бейжіңде өткен ЖИ жөніндегі халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарымен жүздесті. Қазақстандық оқушылар 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, бейресми командалық есепте әлем бойынша төртінші орын иеленді. Бұл – Қытай мен АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттерден кейінгі жоғары нәтиже.