Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды.
Жаңа құжат елдегі қоғамдық-саяси жүйеде азаматтардың пікірін ескеруге бағытталған жаңа институт қалыптастыруды көздейді.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Нұртөре Жүсіп Халық кеңесі мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтетін маңызды құрылым болатынын айтты. Оның сөзінше, жаңа орган конституциялық мәртебеге ие жоғары консультативтік институт ретінде жұмыс істейді.
– Халық кеңесінің негізгі міндеті – азаматтардың ұсыныстары мен қоғамдық пікірін мемлекеттік шешім қабылдау процесінің бір бөлігіне айналдыру. Бұл тек пікір алмасатын алаң емес, қоғамның шынайы үнін жеткізетін әрі стратегиялық шешімдерге ықпал ететін құрылым болады, – деді сенатор.
Жаңа заңға сәйкес, Халық кеңесі әртүрлі әлеуметтік топтар мен өңірлердің мүддесін біріктіріп, ұлттық деңгейдегі маңызды мәселелерді талқылауға қатысады. Сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр.
Сенатордың айтуынша, бұл бастама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың нақты тетіктерінің бірі саналады. Заң аясында жергілікті бастамаларды қолдау, әлеуметтік және экономикалық жобаларды талқылау, қоғам сұранысына жедел жауап беру жүйесі де күшейтілмек.
Депутаттар қабылданған құжат мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын жаңа деңгейге көтереді деп есептейді.





