
Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
Ведомство 2023-2025 жылдары аралығында саладағы даму бағытын айқындайтын 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдаманы әзірледі.
Тұжырымдама мұнай өңдеу саласын жетілдіру, өнім сапасын арттыру және нарық сұранысына бейімделу бағыттарын қамтиды. Құжатты әзірлеуге 50-ден астам ұйым мен мемлекеттік орган қатысып, 1000-нан аса ұсыныс пен ескерту жолдаған.
Қазіргі уақытта тұжырымдаманы іске асырудың алғашқы кезеңі басталып, 19 іс-шарадан тұратын Жедел іс-қимыл жоспары әзірленген. Оның 8-і бүгінде орындалған. Бұл бағытта мұнай өңдеу зауыттарына іссапарлар ұйымдастырылып, жобалық жол карталары жасалды.
Алты негізгі басымдық анықталған:-
Мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру;
-
Мұнай өңдеу және мұнай-химиясы ғылыми-зерттеу институтын құру;
-
"Конденсат" АҚ жүктемесін 50%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру;
-
Экологиялық талаптарға сай К5 және одан жоғары санаттағы мотор отындарына көшу;
-
Жанар-жағармайдың стратегиялық резервін сақтау қоймасын салу;
-
Жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігін зерделеу.
Мұнай-химия бағыты да белсенді дамып келеді. Атырау МӨЗ-де бензол мен параксилол өндірісі іске қосылса, KPI зауытында полипропилен өндірісі жолға қойылған.
Авиаотын өндірісі де күшеймек"Қазіргі зауыттарды заманауи мұнай-химия конфигурациясымен кеңейтіп, нарыққа бейімделген өнім шығару маңызды. Бұл кешендерді инвестициялық тартымды активке айналдырады", – дейді Энергетика министрлігінің өкілі Талғат Мақуов.
Министрліктің дерегінше, еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауыты жылына 1,5 млн тоннадан астам авиаотын шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жекеменшік зауыттардың әлеуетін пайдалану және мұнайды терең өңдеу үлесін арттыру да – саланың басты бағыттарының бірі.
Жаңа тұжырымдама мұнай өңдеу саласының ұзақмерзімді, тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, экологиялық стандарттарға сай, сапалы мотор және авиаотын өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді.