Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Қазатомпром» Үндістанға уран жеткізеді

«Қазатомпром» Үндістанға уран жеткізеді

Қазатомпром Үндістан үкіметімен ұзақ мерзімді келісімшарт жасасады. Мәміле 7 сәуір күні өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында мақұлданды.

Келісім шарттарына сәйкес, сатушы ретінде «Қазатомпром», ал сатып алушы ретінде Үндістанның атом энергиясы департаменті қатысады. Мәміле табиғи уран концентратын сатып алу-сату бойынша ұзақ мерзімді келісімді қамтиды. Оның құны компания активтерінің баланстық құнының 50%-ынан асатындықтан, ірі мәміле ретінде бағаланады.

2025 жылдың соңындағы дерек бойынша компания активтері 4,02 трлн теңгені құраған. Осыған байланысты келісім сомасы 2 трлн теңгеден асуы мүмкін. Дауыс беруге акциялардың 99,19%-ына иелік ететін акционерлер қатысып, олардың 92,9%-ы келісімді қолдаған.

Бұған дейін компания басқарма төрағасы Меиржан Юсупов Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында бұл келісімнің аяқталу сатысында екенін айтқан болатын.

Компания 2034 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында жеткізу географиясын кеңейтіп келеді. 2025 жылы «Қазатомпром» AxpoPower AG, ČEZ Group және Kansai Electric Power компанияларымен ұқсас келісімдер жасаған.

Азия өңірі компания үшін Еуропа және Америка елдерімен қатар негізгі экспорт бағыттарының бірі болып қала береді. 2025 жылы «Қазатомпромның» әлемдік уран өндірісіндегі үлесі шамамен 20%-ды құрады.

Уран өндірісі Қазақстан аумағындағы кен орындарында жер асты шаймалау әдісі арқылы жүргізіледі. Өнімді сату Астана қаласындағы бас кеңсе және Швейцариядағы сауда еншілес компаниясы арқылы жүзеге асырылады.

Компанияның бағалы қағаздары Лондон қор биржасы мен Astana International Exchange алаңдарында орналастырылған. Акциялардың 62,99%-ы Самұрық-Қазына қорына, 12,01%-ы Қаржы министрлігіне тиесілі, ал 25%-ы еркін айналымда.

Ұқсас материалдар