Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Леван Диасамидземен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы мұнай-газ саласындағы әріптестіктің қазіргі ахуалы мен даму мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе, ҚМГ-нің еншілес құрылымына кіретін «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ-ның қызметіне ерекше назар аударылды. Бұл терминал мұнай, мұнай өнімдері мен құрғақ жүктерді ауыстырып тиеу және сақтау жұмыстарымен айналысады.
2025 жылдың алғашқы 10 айында Батуми теңіз порты арқылы 6,1 млн тонна жүк өңделген. Оның ішінде:құрғақ жүктер –1,4 млн тоннадан астам;
паром жүктері – шамамен 0,3 млн тонна;
контейнерлік жүк – 2,8 млн тонна;
құйылмалы мұнай өнімдері – 1,5 млн тонна.
Асхат Хасенов Батуми мұнай терминалының Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырудағы және Грузиямен стратегиялық әріптестікті нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт еліміздің халықаралық энергетикалық нарықтағы орнын күшейтуге жол ашады.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.





