Премьер-министр Олжас Бектенов Самұрық-Қазына АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Қордың 2025 жылғы жұмысының қорытындылары мен негізгі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын талқылады.
Қор басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов өндірістік және қаржылық нәтижелер туралы баяндады. Оның айтуынша, бір жыл ішінде газ тасымалы 9%-ға, жүк айналымы 5%-ға, мұнай мен газ конденсатын өндіру 3%-ға артқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қордың кірісі 19,1 трлн теңгені, EBITDA 5,4 трлн теңгені, ал таза пайда 2,1 трлн теңгені құрады. Басқарудағы активтер көлемі $88 млрд-қа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен.
Отырыста жалпы құны 52 трлн теңгені құрайтын 120 инвестициялық жобадан тұратын портфельдің іске асырылу барысы да қаралды. Бұл жобалар энергетика, көлік және мұнай-газ секілді экономиканың басым салаларын қамтиды.
2025 жылы Қор компаниялары отандық өндірушілермен шамамен 2,2 трлн теңгеге жуық 9 мың келісімшарт жасаған. Сонымен қатар жалпы сомасы 260 млрд теңгеге 363 офтейк-келісімшарт рәсімделіп, өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан.
Өткен жылы жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 10 жоба аяқталды. Олардың қатарында CASPI BITUM өндірісін кеңейту, Кендірлідегі теңіз суын тұщыту зауыты, «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші жолдарын салу және контейнерлік инфрақұрылымды дамыту жобалары бар.
2026 жылы энергетика, көлік, цифрлық және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық жобаны аяқтау жоспарланған. Инвестициялық шығын көлемі 5,3 трлн теңгені құрауы мүмкін. Жаңа қуаттардың қатарында Алматы ЖЭО-2 мен Алматы ЖЭО-3 нысандарын жаңғырту, Түркістандағы БГҚ және Каспий теңізі арқылы өтетін Транскаспий талшықты-оптикалық желісі бар.
Жиын соңында премьер-министр Қор басшылығына ірі жобалардың жүзеге асырылуын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, әсіресе энергетикалық, көліктік және цифрлық инфрақұрылым жобалары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.





