Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Kundelik.kz: деректер BilimClass-қа заңсыз көшірілген

Kundelik.kz: деректер BilimClass-қа заңсыз көшірілген

Алматы мектептерінің Kundelik.kz жүйесінен BilimClass платформасына жаппай ауысуы қоғамда резонанс тудырды.

Осыған байланысты Kundelik.kz директоры Мұхтар Ілиясов баспасөз мәслихатын өткізіп, компания ұстанымын жариялады.

Компанияның мәлімдеуінше, Kundelik.kz Алматы мектептерінде сегіз жыл бойы қолданылған, алайда ешқандай ресми ескерту мен заңды рәсімдерсіз оқу жылының ортасында басқа жүйеге ауыстырылған. Бұл білім беру процесіне қауіп төндіріп, деректердің тұтастығына күмән туғызады.

Ілиясовтың айтуынша, бірінші және екінші тоқсанның бағалары Kundelik.kz жүйесінде, ал үшінші тоқсан деректері басқа платформада қалып отыр. Бұл үлгерім деректерінің бұрмалануына, оқушылардың құқықтарының бұзылуына және мұғалімдерге қосымша жүктеме түсуіне әкелуі мүмкін.

Kundelik.kz өкілдері Алматы қаласының білім басқармасы мен BilimClass арасында келісімшарт немесе ресми бұйрық болмағанын алға тартты. Сондай-ақ ата-аналар мен мұғалімдердің келісімінсіз деректердің басқа жүйеге көшірілуі «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңды бұзу ретінде бағаланып отыр.

Компания деректердің сыртқа шыққаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Kundelik.kz мәліметтері мемлекеттік серверлерде сақталады, тексеріс барысында бөгде аккаунттар арқылы кіру фактілері анықталмаған.

Айта кетейік, Kundelik.kz 750 АЕК көлемінде айыппұл төлеген. Бұл 2016 жылғы лог-файлдардың сақталмауына байланысты салынған. Компания қазіргі таңда сот органдарына және мемлекеттік мекемелерге жүгінгенін хабарлады.

Ұқсас материалдар