
Бішкектегі Первомай ауданының соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Чүй облысы, Қой-Таш ауылындағы жер учаскелерін заңсыз алу, Бішкек ЖЭС-ын жаңғырту кезінде сыбайлас жемқорлық жасау және 2019 жылғы 7-8 тамызда Қой-Таш ауылында ұйымдастырылған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деп таныды.
Осы қылмыстық іс аясында айыпталушылар қатарында 7 жыл 8 айға сотталған бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Фарил Ниязов пен 7,5 жылға сотталған бұрынғы парламент депутаты Ирина Карамушкина да бар.
- Равшан Жээнбеков пен Фарид Ниязовқа – 7 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру, сот залында қамауға алынды;
- Ирина Карамушкина – 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру, сот залында қамауға алынды;
- Фархад Баабиев – 5 жыл 6 ай, сот залында қамауға алынды;
- Қанат Сағымбаев, Мээрбек Мискембаев, Қанат Осмоналиев, Құндыз Жолдубаева – әрқайсысына 5 жыл пробациялық қадағалау;
- Әсел Кодуранова, Амангелді Какебаев, Нооруз Қапарбек уулы және Марат Шаменов – әрқайсысына 3 жыл пробациялық қадағалау;
- Исабек Әбдіғазиев, Абдулда Суранчиев, Торохан Тынымсейітов, Юрий Васильев – іс бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазасыз қалдырылды;
- Асқарбек Шадиев мүлкі тәркіленіп, 3 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, 2011-2017 жылдары Қырғызстанды басқарған Алмазбек Атамбаев 2019 жылы 8 тамызда Чүй облысы, Қой-Таш ауылындағы резиденциясында бір тәуліктен астам уақытқа созылған арнайы операция барысында ұсталды. Операция кезінде арнайы жасақтың бір қызметкері қаза тапты. Қарсылық кезінде 100-ден астам адам, оның ішінде полиция қызметкерлері, медициналық көмекке жүгінді.
Ұсталғаннан кейін бірнеше күннен соң Атамбаевқа құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру, адам өлтіруді ұйымдастыру, адам өлтіруге оқталу, тұтқындарды басып алу, Бішкек ЖЭС-ын қайта құрудағы сыбайлас жемқорлық, «Форум» өнеркәсіптік тобы ғимаратымен заңсыз мәміле, Қой-Таш және Ыстықкөл облыстарында жер учаскелерін заңсыз алу сияқты айыптар тағылды.
2020 жылдың жазында экс-президент 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Кейбір айыптар кейін алынып тасталып, 2022 жылдың маусымында ол Бішкекте 2020 жылғы қазан айындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру ісі бойынша ақталды.