Екі күнге жалғасатын құрылтай аясында ел дамуының негізгі бағыттарын қамтитын өзекті мәселелер талқыланады.
Алғашқы күні төрт панельдік секция бойынша отырыстар ұйымдастырылып, әлеуметтік-мәдени даму, білім және ғылым, азаматтық қоғамды нығайту мен экономикалық өсім тақырыптары қамтылды.
Әлеуметтік-мәдени даму секциясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады. Ал білім және ғылым мәселелеріне арналған секцияға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жетекшілік етті.
Күннің екінші жартысында азаматтық қоғамды дамыту, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық даму тетіктері талқыланбақ.
Сонымен қатар, Ұлттық құрылтай мүшелері Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық маңызы бар нысандарды аралап, өңірдің даму барысымен танысады.





