Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Инфляциялық тәуекелдерден қатаң ақша-несие саясаты сақтап қала ма?

Инфляциялық тәуекелдерден қатаң ақша-несие саясаты сақтап қала ма?

Базалық мөлшерлеме жоғары болғанына қарамастан Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын ұстануын жалғастыруда. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы саясат инфляциялық қысымды тежеуге мүмкіндік береді.

Қарыз алу құны жоғары болғанына қарамастан, Қазақстан экономикасы орнықты өсімді көрсетіп келеді. 2025 жылдың алғашқы төрт айында елдің ЖІӨ 6%-ға артты. Сарапшылардың пайымынша, бұл өсімге бірнеше фактор ықпал еткен.

«Жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында ЖІӨ өсімі, негізінен, белсенді несиелеу есебінен емес, фискалдық ынталандырудың, мемлекеттік шығындардың, ең алдымен инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген қаржының арқасында жүзеге асып жатыр. Бұл қаражат соңында халыққа жалақы, компаниялардың табысы түрінде жетіп, ЖІӨ өсімін қалыптастырады. Мұнда негізгі қозғаушы күш – мемлекеттік және тұтынушылық шығындар», — дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Маманның айтуынша, осындай фискалдық ынталандыру аясындағы өсім, несие алу құны жоғары болса да, инфляциялық қысымды арттыра алады.

«Мемлекеттік шығындар артқан жағдайда қаражаттың түрлі салалар арасында қайта бөлінуі бұл қалыпты жағдай. Сондай-ақ жоғары пайыздық мөлшерлеме мен несиенің қымбаттығы әрқашан экономикаға шешуші әсер ете бермейді. Біздің жағдайда мемлекет экономикада және нарықта белсенді рөл атқарады, сондықтан несие саясатының әсері шектеулі», – деп түсіндіреді сарапшы.

Наурыз айында Ұлттық банк инфляцияға қатысты болжамдарын едәуір қайта қарады. Жаңартылған мәлімет бойынша, 2025 жылға арналған инфляция деңгейі 10–12% аралығында болады деп күтілуде. Ал Halyk Finance сарапшылары инфляция 9–10% деңгейінде болады деп болжайды, әлбетте бұл сценарий қазіргі қатаң монетарлық саясат пен экономиканың даму параметрлері сақталса іске асады.

Сонымен бірге экономикада инфляциялық тәуекелдер де сақталып отыр. Ішкі факторлар қатарында  мемлекеттік шығындардың артуы мен Ұлттық қордан трансферттердің ұлғаюы бар. Ал сыртқы қауіптердің ішінде – АҚШ-тың сауда саясатына байланысты жаһандық сұранысты төмендеу тәуекелі және геосаяси белгісіздікті атауға болады.

Расул Рысмамбетовтің пікірінше, базалық мөлшерлеме қазіргі 16,5% деңгейінде сақталады. Сонымен бірге ол ақша-несие саясатына әсер ететін негізгі фактор – макроэкономикалық жағдай болатынын айтады. Ол өз кезегінде Украинадағы қақтығыстың дамуы мен бейбіт бастамалардың табысына байланысты.

«Инфляциялық күтулер сәл төмендегендей әсер бар – бұл ішінара маусымдық факторларға байланысты. Бірақ мен бұған дейін айтқанымдай, мемлекеттік бюджеттің экономикаға белсенді қатысуы несие нарығының инфляцияға айтарлықтай әсерін азайтады. Негізгі қысым мемлекеттік шығындардан туындайды, ал қазіргі жағдайда одан бас тарту мүмкін емес. Сондықтан несие нарығының әсері шектеулі және көбіне тұтыну секторында байқалады», – деп қосты сарапшы.

Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешімді Ұлттық банк 5 маусымда жариялайды. Бұған дейін реттеуші қазіргі инфляциялық факторлар мен сыртқы белгісіздікті ескере отырып, мөлшерлемені төмендетуге негіз жоқ екенін хабарлаған болатын.

Ұқсас материалдар