Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтады

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтады

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен сақтау туралы шешім қабылдады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болып, Ұлттық банктің болжамына сай қалыптасты. Инфляцияға ең көп үлесті азық-түлік бағасының өсуі қосты (13,5%). Әсіресе ет пен май бағасының қымбаттауы өндіріс шығындарының артуы мен экспорт көлемінің ұлғаюымен байланысты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы теңге бағамының нығаюына байланысты 11,1%-ға дейін төмендеді. Ал реттелетін тарифтердің баяулауы ақылы қызметтер бағасының өсу қарқынын 12%-ға дейін тежеді.

2025 жылғы желтоқсанда айлық инфляция 0,9% болды, базалық инфляция 0,8% деңгейінде сақталды. Ұлттық банк ішкі сұраныстың ұсыныстан асып түсуі, тарифтік реформалар мен жанар-жағармай нарығын ырықтандыру инфляциялық қысымды күшейтіп отырғанын атап өтті.

Халықтың бір жылға арналған инфляциялық күтулері 14,7%-ға дейін өсті. Ал нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылға болжамы 10,8% деңгейінде қалыптасты.

2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5% өсім көрсетті. Жоғары қарқын көлік, құрылыс, сауда, тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде сақталған.

Ұлттық банк проинфляциялық тәуекелдер әлі де жоғары екенін атап өтіп, салық реформасы, реттелетін бағалардың өсуі және квазифискалдық ынталандыру белгісіздік тудыратынын мәлімдеді. Осыған байланысты базалық мөлшерлеме 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін.

Келесі шешім 2026 жылғы 6 наурызда, Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Ұқсас материалдар