Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ұлттық парктер мен қорықтар аумағында туризмді дамытуға бағытталған жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі таңда отандық кәсіпкерлер үшін ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда инвестициялық жобаларды іске асыру айтарлықтай қиын. Осыған байланысты табиғи ресурстарды сақтай отырып, туристік инфрақұрылымды орнықты дамыту тетіктерін қарастыру қажет.
«Өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің сақталуын қамтамасыз ете отырып, туристік инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру үшін кәсіпкерлердің ұлттық парктер, қорықтар мен резерваттар аумағына реттелген түрде кіру мүмкіндігін беру қажет. Бұл бағытта халықаралық тәжірибені зерделеп, нақты ұсыныстар енгізу керек», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ Үкімет отырысында инвестициялық жобаларды іске асыру барысында су айдындарын қорғау талаптарына байланысты туындайтын кедергілер де көтерілді. Олжас Бектеновтің айтуынша, кейбір жобалар, оның ішінде аквапарк құрылысы, қажетті инфрақұрылым тарту мүмкіндігінің болмауына байланысты жүзеге аспай отыр.
Осыған орай Су ресурстары және ирригация министрлігіне халықаралық озық тәжірибені зерттеп, барлық тараптың мүддесін ескеретін заңнамалық шешімдер әзірлеу тапсырылды.





