Ұлттық палата Украинадағы оқиғалардың бизнеске әсері туралы ақпарат жинайды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес мәселелерін шешу жөніндегі жедел штабты құру бастамасын көтерді, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Ұлттық палата Үкіметке жедел штаб құру бойынша бастама көтерді. Онда бизнес кәсіпкерлердің, алдымен Украинамен байланысты проблемалық мәселелерін қалай шешуге болатыны жайында тез арада өз пікірін білдіре алады. Күн сайын ситуация кері қарай өзгеріп жатыр. Валюта бағамы, логистикамен не болары белгісіз. Осыған байланысты түйткілді мәселелерді көтереміз. Қазіргі кезде фермерлер мен қауымдастықтар кеңесіп, субсидиялау мәселесін талқылап жатыр. Қаңдай өзгерістер, қауіп-қатер болады, азық-түлікке баға қаншалықты өседі және бизнеске ағымдағы жоспарын өзгерту бойынша мәселелер бар», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.
ҰКП басшысы отандық бизнес түрлі дағдарысқа әбден шыңдалған деп санайды. Ол бұл ретте тиімді шаралар қабылдау мәселесі өзекті, сонымен қатар сала сарапшыларының кәсіби ой-пікір білдіруі аса қажет екенін атап өтті.
«Біз бизнестен жедел түрде ақпарат алып отырмыз: мәселелерді өңдеп, нақты уақыт режимінде оларды министрліктер мен кәсіпкерлермен талқылаймыз. Өзекті мәселелер Үкімет деңгейінде қарастырылады. Бұл штаб бизнестің кәдісіне жарайды деп үміттенемін. Барлық өңірлік палата жұмысқа жұмылған, жедел желілер іске қосылған. Мен бизнес өкілдеріне осы желілерді пайдаланып, бізге хабарласып, өз мәселелері, мұң-мұқтажы туралы бөлісуге шақырамын. Біз – «Атамекен» командасы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін Үкімет қарауына ұсыныстар мен проблемаларды шешу жолдарын тиімді жеткізуімізге көмектесетін ақпарат алғымыз келеді», – деді Райымбек Баталов.