Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясы шетелдік активтерін АҚШ-тың Carlyle инвестициялық компаниясына сату бойынша мәмілеге келді.
Алайда келісімге «Лукойлдың» Қазақстандағы активтері кірмейді. Meduza басылымының жазуынша, мәміле АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) мақұлдауын талап етеді. «Лукойл» 2024 жылдың қазанында Ұлыбритания мен АҚШ-тың санкциялық тізіміне енгеннен кейін шетелдік активтерін сататынын жариялаған болатын.
Бұған дейін активтерді Gunvor компаниясына сату жоспары талқыланғанымен, мәміле жүзеге аспады. Кейін «Лукойлдың» активтеріне қызығушылық танытқан компаниялар қатарында Chevron, Carlyle және Exxon Mobil аталды.
АҚШ Қаржы министрлігі қараша айында Қазақстандағы бірқатар жобаларға – Қарашығанақ, Теңіз және Каспий құбыр консорциумына қатысты «Лукойл» және «Роснефтьпен» операция жасауға рұқсат бергенімен, ресейлік компаниялардың осы жобалардағы үлестерін сатуға шектеу сақталып отыр.
Қазіргі таңда «Лукойл» Еуропадағы үш мұнай өңдеу зауытына, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Ирак, Мексика, Африка және басқа да елдердегі кен орындарына қатысады. Қазақстандағы жобалардағы үлестерін компания сақтап қалмақ.





