Президент Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерін реттеуге арналған жаңа заңды қабылдады.
Бұл заң арқылы ЖИ қызметінің негізгі қағидаттары айқындалып, олардың қауіпсіз әрі жауапты қолданылуына құқықтық негіз қалыптастырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сәйкес, енді жасанды интеллект ақпараттандыру нысаны ретінде анықталады және адамның белгілі бір міндеттерін орындауға арналған құрал ретінде қарастырылады. Осыған байланысты меншік иелері мен пайдаланушылар ЖИ жүйелерін қолдану кезіндегі өз рөліне қарай жауап беретін болады. Оларға тәуекелдерді басқару, жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ техникалық қолдау көрсету міндеттері жүктеледі.
Заңда заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық, адам игілігіне басымдық беру, деректерді қорғау және қауіпсіздік қағидаттары бекітілді. Сонымен бірге жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан аумағында түпсаналық, манипуляциялық немесе жеке деректер заңнамасын бұза отырып деректер жинайтын бірқатар ЖИ жүйелерін жасау мен пайдалануға тыйым салынды.
ЖИ көмегімен жасалған тауарлар, қызметтер және жұмыстар міндетті түрде арнайы таңбаланатын болады. Бұл тұтынушылардың өнімнің жасанды интеллект қолданылғанын білуіне мүмкіндік береді.
Заң ұлттық жасанды интеллект платформасын құруға да құқықтық негіз қалыптастырды. Платформа ЖИ модельдерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін шектеулі уақыт режимінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар құжатта цифрлық активтердің айналымын реттеуге қатысты өзгерістер енгізілді. Бұдан былай қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер Қазақстан аумағында да айналымға түсе алады, ал бұрын бұл тек АХҚО шеңберінде ғана рұқсат етілген еді.
Жеке деректерді қорғау талаптары да күшейтілді: енді дербес деректерді өңдеуге берілген келісімнің мерзімі өңдеу мақсатына жету үшін қажет уақыттан аспауға тиіс. Деректер субъектісі келісімді қайтарып алуға құқылы.
Сонымен бірге тауарларды таңбалау механизмі жетілдіріліп, бөлшек сауда субъектілерінің бақылау-касса машиналары арқылы операцияларды тіркеу талаптары нақтыланды. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары да күшейтілген.
Заңның толық мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.





