
ҚР ҚМА заңды айналып өтетін жосықсыз микроқаржы ұйымдарының қызметін тоқтату үшін жүйелі әрі мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары тұрғындарға 71 млрд теңге артық төлем жасатқан. Яғни, азаматтардан қосымша алымдарды жасырған.
«Азаматтарға заңды несие түрінде ұсынылған қызметтердің астарында қосымша алым, комиссия мен сақтандыру төлемі жасырылады. Мұндай тәсілдер сыйақы мөлшерлемелеріне қойылған шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді агенттік өкілдері.
Нәтижесінде азаматтар өзіне жүктелген қарызды бірнеше есе жоғары пайызбен төлеуге мәжбүр болып, қаржылық қиындыққа тап болған. Агенттік несие алар алдында барлық шарттарды мұқият тексеруге кеңес береді.
«Қай қызмет үшін қанша төлейтініңізді білуге құқылысыз. «Тексерусіз беріледі», «бәріне бірдей мақұлданады»деген уәделерге сенбеңіз. Заңды микроқаржы ұйымдары ондай жұмыс істемейді», – деп ескертті қаржылық мониторинг агенттігі.