Наурыз айында Қазақстанда жылдық инфляция 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасты. Бұл туралы ҰБ басшыларының қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.
Инфляциялық ауытқу тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының мейлінше тез өсу әсерінен орын алған. Ал ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен астықтың әлемдік бағасының төмендеуі – инфляцияның төмендеуіне септігін тигізуде.
«Айлық инфляция ақпан айындағы күрт өсуден (1,1%) кейін наурызда 0,7%-ға дейін баяулады. Бірақ орташа тарихи мәндерінен жоғары (0,6%) қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция көрсеткіштері ұқсас динамиканы көрсетіп отыр. Яғни ақпан айында күрт үдеуден кейін наурыз айында айтарлықтай төмендеді», деді ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов.
Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасуда. Наурызда негізінен өсімдік майы бағасының көтерілуі есебінен әлемдік нарықтарда азық-түлік құны аздап өсті. Экспорттаушы елдерде жиналған өнімнің есебінен және теңіз арқылы сауда жолдарының үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты астық бағасы төмендеп келеді.
Мұнай бағасы базалық сценарийден сәл жоғары қалыптасып отыр. Бұл Қазақстанның сауда балансына оң әсер етеді. Алайда, мұнайдың жоғары бағасы сыртқы инфляциялық әсердің артуына себеп болуы мүмкін.
Сыртқы ақша-кредит жағдайлары қатаң қалпында қалып отыр. 2024-2025 жылдары АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерді мейлінше ұстамды түрде төмендетеді деп күтілуде. Сонымен бірге, ЕОБ 2024 жылы экономикалық өсім мейлінше әлсіз болады деген күтуге қарамастан, инфляция ортамерзімді нысанаға қайтарылғанша тежеуіш ақша-кредит шарттарын сақтауды жоспарлап отыр.
«Инфлацияның төмендеуіне қарамастан әлі де жоғары. Ұлттық Банк ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету міндетін берік ұстанады. Бұл ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді қажет етеді. Осыған байланысты қазіргі жағдайларда ақша-кредит саясатын одан әрі жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі. Ұлттық Банк реттелетін бағалар реформасы секілді біржолғы факторларды ескермейтін инфляцияның орнықты бөлігін бақылай түседі. Инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауы базалық мөлшерлеменің төмендеуіне кеңістік қалыптастырады», деді Тимур Сүлейменов.