Qazaq Stroy компаниялар тобының иесі Нұрлан Артықбаев «Қазақмыс» корпорациясын сатып алды.
Бұл туралы ақпаратты компания Forbes.kz-ке растады. Мәміле 30 желтоқсанда ресми түрде жабылған. Ал кәсіпорынды операциондық басқару жаңа иесіне 2026 жылдың басында өтеді деп жоспарланып отыр.
Компания мәміленің толық шарттарын жарияламады. Алайда, Qazaq Stroy корпорацияны дамыту жоспарын атап өтіп, қолданыстағы жобаларды жалғастырумен қатар, жаңа бастамаларға кірісетінін хабарлады. Әсіресе, өндірістік кәсіпорындарды тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету үшін геологиялық барлау жұмыстарын айтарлықтай ұлғайту көзделуде.
Qazaq Stroy мәлімдемесінде компанияның әлеуметтік және еңбек бағыттарын да күшейту жоспарланғаны айтылды.
«Біз «Қазақмыстың» Қазақстан экономикасы мен өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызын түсінеміз. Өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен арттырып, еңбек жағдайы мен қауіпсіздік талаптарын күшейтеміз. Сонымен бірге компания жұмыс істейтін өңірлердегі әлеуметтік қолдау жобаларын кеңейтеміз», – деп мәлімдеді холдинг өкілдері.
10 желтоқсан 2025 жылы «Қазақмыс» корпорация жаңа акционерге бақылау пакетін беру туралы рамалық келісімге қол қойғанын жариялаған болатын.
Нұрлан Артықбаев туралы
- Qazaq Stroy компаниялар тобының негізін қалаушы және мажоритар иесі
- Forbes Kazakhstan бойынша (мамыр 2025): 44-орын, байлығы шамамен $228 млн
- «Қазақтелекомның» 9,84% акциясына иелік етеді (Telecom Systems Ltd. арқылы)
- 2025 жылы «Ақтөбе» ФК-ның инвесторы атанды
2003 жылы құрылған Qazaq Stroy бүгінде тұрғын үй құрылысы, ИКТ, мұнайгазхимия, тау-кен және агрохимия салаларында жобалар жүзеге асырады.
«Қазақмыс» туралы қысқаша
- Қазақстандағы ең ірі жеке компаниялардың бірі
- Бұрынғы үлес құрылымы: Владимир Ким – 70%, Эдуард Огай – 30%
- Негізгі қызметі: мыс кені өндіру, катодты мыс өндірісі, қымбат металдарды аффинаждау
- Өндіріс аймақтары: Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл, Абай облыстары





