Алматы облысының бюджеттік кірістері аймақ міндеттемелерін орындауға жеткілікті, сондықтан қосымша қаржыландыру бөлінбейді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов депутат Жанарбек Әшімжанға жауабында айтты.
«2024 жылы Алматы облысына республикалық бюджеттен 325,6 млрд теңге, оның ішінде субвенциялар – 183,6 млрд теңге, 142 млрд теңге түрінде мақсатты трансферттер қарастырылған. Сондай-ақ 2024 жылғы республикалық бюджетте 27,8 млрд теңгеге ағымдағы несиелер көзделген. Айтылғандарды ескере отырып, облыс бюджетінің кірістері жеткілікті деп есептейміз», - деп жауап берді Премьер депутаттық сауалға.
Бектенов атап өткендей, Алматы облысындағ қаңтар-сәуір айларындағы жоспар бойынша жергілікті бюджеттің өз кірістері 101,4% орындалды — жоспар бойынша 170,3 млрд теңге болса, бюджетке 172,7 млрд теңге түсті. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жергілікті бюджеттің кірістері 56,1 млрд теңгеге немесе 48,2% өсті.
«Жергілікті бюджеттің кірістерінің құрылымында салық түсімдері шамамен 96,2% құрайды, олар бойынша жоспар 99,5% орындалды, яғни жоспар бойынша 166,9 млрд теңге болса, шын мәнінде 166,1 млрд теңге түсті. 2023 жылдың 4 айының фактісіне қарағанда 145% немесе 51,5 млрд теңгеге артық (2023 жылдың 4 айының фактісі – 114,6 млрд теңге)», - деді Премьер.
Айта кетейік, 2 мамырда депутат Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, Алматы облысын қаржыландыру көлемін көбейтуді сұрады. Облыстағы бюджет тапшылығына қатысты бірқатар себептерді атап өткен мәжілісмен облыста жергілікті салықтарды орындамауға байланысты қалыптасқан объективті жағдайлар келесі екі жылдағы үшжылдық бюджет кезеңінде логикалық түрде жалғасатынын атап өтті.
«Алдын ала есептеулер бойынша, ағымдағы жылы болжам бойынша потенциалдық шығындар шамамен 40 млрд теңгені құрайды», - деді депутат.
Сонымен қатар, облыс орталығының Қонаев қаласына көшуіне байланысты облыс орталығы мен агломерацияны дамыту кешенді жоспарларын іске асыруда үлкен жұмыс күтілуде. Мұнда инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік, жол және әкімшілік объектілердің құрылысы бойынша іс-шаралар кіреді. Депутат осыған байланысты жергілікті кірістердің болжамы орындалмағанын ескере отырып, келесі реттегі республикалық бюджетті нақтылау кезінде аймаққа мақсатты трансферттер бөлуді, сондай-ақ 16,7 млрд теңге көлемінде ауысатын қарыздарды жабуды сұраған еді.
Айта кетейік, депутат Жанарбек Әшімжан Алматы облысының тумасы. Мәжілісмен жыл сайынғы депутаттық кездесулерін осы облыста өткізеді. 7kun.kz бұған дейін депутаттың Алматы облысындағы сапарлары мен көтерген мәселелері туралы бірнеше рет жазған еді.