
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Үкімет қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде Премьер-министрдің есебін тыңдады, – деп хабарлайды Ақорда.
Президентке экономиканы әртараптандыру мен нақты сектордағы ауқымды бағдарламаларды қолдау арқылы ынталандыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Сондай-ақ Премьер-Министр жылыту маусымын өткеру, көктемгі егіс жұмыстарына және су тасқынына қарсы дайындық шаралары туралы айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа бизнесті дамыту және жеке инвестиция тарту үшін басқарудың заманауи цифрлық тәсілдерін енгізу бағытындағы Үкімет жұмысы жөнінде ақпарат берілді.
Кездесу соңында Президент Премьер-Министрге экономиканың қарқынды өсімін және әртараптандыруды қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Инфрақұрылымды жетілдіруге, энергетика мен коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысты міндеттерді іске асыру мақсатында жүйелі шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті.