Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасына қатысты пікір білдіріп, оның Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қалаға айналатынын мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, жаңа қала үлкен деректерді, заманауи технологияларды және «ақылды» басқару жүйелерін негізге ала отырып дамиды. Соның нәтижесінде инфрақұрылым, қалалық сервистер мен экономика өзара ықпалдасқан біртұтас цифрлық орта қалыптасады.
Алайда Мемлекет басшысы мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру елеулі қаржылық және операциялық шығындарды талап ететінін де ескертті.
– Қаланы дамытудың орнықты моделін құру қажет. Қазіргі қаржылық-экономикалық модель болашақ шығындарды толық жаба алмауы мүмкін. Инвестиция тарту мен бизнесті дамыту маңызды болғанымен, бұл кепілдендірілген табыс көзі емес, – деді Президент.
Тоқаев бастапқы кезеңде қарастырылатын түрлі жеңілдіктер салық түсімдерінің уақытша азаюына алып келуі ықтимал екенін атап өтті. Оның сөзінше, дәл осы кезеңде қаланы дамыту мен қамтамасыз етуге қажетті қаржы көлемі жоғары болуы мүмкін.
Осыған байланысты Президент Алатауды дамыту жөніндегі кеңес пен қала әкімдігіне ұзақмерзімді әрі орнықты қаржы-экономикалық модель әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар қаланың болашақ дамуын айқындайтын негізгі стратегиялық құжаттарды бекіту қажеттігін айтты.
– Инвесторлар мен азаматтар Алатау қаласының 10, 20 немесе 30 жылдан кейін қандай болатынын нақты түсінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Alatau City жобасының басты мақсаты – технологиялық шешімдер мен тиімді басқаруды үйлестіретін жаңа үлгідегі заманауи қала қалыптастыру. Осыған байланысты ұзақмерзімді жоспар, мастер-жоспар және даму стратегиясы секілді негізгі құжаттарды жыл соңына дейін қабылдау міндеті қойылды.
– Мұндай ірі әрі ұзақмерзімді жобаларды іске асыруда қарқынды әрі сәтті бастау аса маңызды. Созбаққа салсақ, іс тоқырауға ұшырайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





