Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдап, қордың жұмысына қатысты тапсырмалар берді.
Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысына Қордың 2023 жылғы нәтижелері мен ірі жобалары туралы баяндалды.
Нұрлан Жақыповтың айтуынша, қор тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53 триллион теңге болатын 130-ға жуық жоба бар. Биыл іске асырылған жобалар қатарында CASPI BITUM зауытының қуатын арттыру, 50 МВт-тық күн электр стансасы, Кендірліде су тұшытатын зауыт салу және Талдықорған–Үшарал магистральді газ құбыры бар.
Жыл соңына дейін 1,1 триллион теңгеге 9 ірі жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ақтаудағы контейнер хабы, Алматыдағы Zhetysu логистикалық терминалы және Sany Re компаниясымен бірлескен жел генераторларына арналған қондырғылар шығаратын зауыт іске қосылған.
«Самұрық-Энерго» АҚ биыл он айда сағатына 31 млрд кВт электр энергиясын өндіріп, елдегі жалпы өндірістің 31%-ын қамтамасыз етті. Құрама электр стансаларының қуаты 7845 МВт-қа жетті.
2023-2025 жылдар аралығында әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа 1,5 трлн теңге бөлінген, оның ішінде медициналық нысандар, оңалту орталықтары, спорт кешендері мен білім беру мекемелері салынды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 5,8 млн түп тал егілген.
Президент қордың жұмысын тиімді ету, инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру және ұлттық активтердің ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.





