Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымдық жер мәселесіне ерекше назар аударып, оның тиімді пайдаланылуы мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары белсенді жүргізілген. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған. Дегенмен, қайтарылған жерлерді айналымға енгізу жұмыстары баяу жүріп жатыр.
Тоқаев әкімдіктерге осы жерлерді келесі жылдың ортасына дейін толыққанды айналымға енгізуді тапсырды. Жайылымдық жерлер ең алдымен ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуі тиіс екенін ерекше атап өтті.
Президент жердің кепілдік құнын бағалау мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі кадастрлық бағалау жүйесі нарықтық жағдайға сай келмейді. Осыған байланысты Үкіметке кадастрлық құнды айқындау тәсілдерін қайта қарау тапсырылды. Сонымен бірге келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу міндеттелді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жер телімдерін электронды конкурс арқылы беру қажеттігін, жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерінің толық жетілдірілмегенін айтты. Қазіргі деректердің толық болмауы жерді бақылау мен игерілмей жатқан алқаптарды қайтару ісін қиындатады. Сондықтан жерді бөлу үдерісі ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.
Президенттің айтуынша, Үкімет пен тиісті министрліктер жерге қатысты реформаларды созбалаңға салмай, алдағы бір апта ішінде іске асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндауға міндетті.





