
Жарлыққа сәйкес Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе берілді. Сонымен қатар Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес құру, жоғары басқару органы Кеңес болатын «Alatau City Authority» мемлекеттік қоры нысанында заңды тұлға құру бойынша шаралар қабылдауды тапсырған.
Кеңес құрамына ҚР Премьер-Министрі (төраға), Премьер-Министрінің өңірлік саясат мәселелерін үйлестіретін орынбасары, төрағаның орынбасары, Вонг Хен Файн, төрағаның орынбасары, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, хатшы, ҚР Қаржы министрі, ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы, Алматы қаласының әкімі, Алматы облысының әкімі, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, Ким Вячеслав Константинович, Цхай Юрий Андреевич, Жәмішев Болат Бидахметұлы, Доббс Гарри Уильям кірген.
Айта кетейік, Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Алатау қаласына айырықша тоқталып, арнаулы құқықтық мәртебе туралы да айтап өткен еді.
«Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», делінген Президент Жолдауында.