Астанада Самұрық-Қазына компаниялар тобының құрылымында 650 қызметкерді қысқарту жоспарланып отыр.
Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді. Оның айтуынша, елордадағы қор қызметкерлерінің жалпы саны шамамен 6500 адамды құрайды. Жоспарланған оңтайландыру осы көрсеткіштің 10 пайызына жуық бөлігін қамтиды. Алайда бұл өзгерістер өндірістік қызметкерлерге әсер етпейді.
Қысқарту әкімшілік-басқару бағытында жұмыс істейтін қызметкерлер арасында жүргізіледі. Ал өндірістік ұжымдар мен филиалдардың жұмысы бұрынғы режимде жалғасады. Шешім қабылдау кезінде қызметкерлердің бағалау нәтижелері мен KPI көрсеткіштері ескерілмек.
Қор басшылығы қысқарту шараларын наурыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Өтемақы мөлшері туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ, төлем шарттары әр бөлімшеге байланысты өзгеруі мүмкін.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарап, оларды қазіргі талаптарға бейімдеу қажеттігін атап өткен болатын.





