Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Тағы екі АЭС салынатын орынды анықтау жұмыстары басталды – Олжас Бектенов

Тағы екі АЭС салынатын орынды анықтау жұмыстары басталды – Олжас Бектенов

Президенттің басшылығымен еліміздің инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің «Ілгерілеуге бастаған 6 жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» мақаласында айтылған,

– Ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бөлінбей келді: республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген өңірлерде тіпті 90%-ға жетті. Қазір энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарыстың ауыр кезеңін еңсере алдық. Егер 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-ға жетсе, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс жалғасады, – делінген мақалада.

Үкімет басшысы былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртып, жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастағанын атап өткен.

Үкімет бұл жоба ойдағыдай іске асса, технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартып, энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарламаны іске асырған кезде қазақстандық өнім шығаратын кәсіпорындардың әлеуетін толық пайдалану жоспарланып отыр. Қазақстандық компаниялардың жоспарланған өнім көлемі шамамен 3,5 триллион теңге деп бағаланған.

– 2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен 120 миллиард кВт/сағ құрады. Халық санының өсуін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескере отырып, энергия тұтыну одан әрі арта түседі деп болжанып отыр. Осыған орай Президент тапсырмасы бойынша ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. Бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталды. Тағы екі станция салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды, – дейді Үкімет басшысы.

Ұқсас материалдар