2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді.
Бұл кезеңде біздің міндетіміз – интеграциялық процестерді жаңа деңгейге шығарып, Одақтың әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
Биыл ЕАЭО үшін маңызды жыл болды: бірлестік өзінің екінші онжылдығына қадам басып, жаһандық қиындықтарға қарамастан экономикалық өсімді сақтап қалды. Алдағы кезеңде біз «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясында айқындалған 2030 және 2045 жылдарға дейінгі стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға басымдық береміз.
Қазақстан төрағалығы төмендегі негізгі бағыттарға назар аударады:
- Жасанды интеллект және цифрлық интеграция
ЖИ әлемдік экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналып отыр. Жаһандық инвестициялар көлемі 1 триллион доллардан асып, алдағы онжылдықта экономикаға түсетін үлесі 10 триллион долларға жетуі мүмкін.
Біздің міндет – бұл технологияларды елдеріміздің дамуына пайдалану. Қазақстан цифрлық мемлекет құруды көздейді, осыған орай Alem.ai және CryptoCity сияқты жобалар іске асуда.
2026 жылы Астанадағы Еуразиялық экономикалық форумда ЖИ-ді жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдауды ұсынамыз.
- Еуразияның логистикалық хабы
ЕАЭО – құрлықаралық көлік дәліздерінің түйіскен нүктесі. Сондықтан логистика, кеден инфрақұрылымы, мультимодальды тасымал, цифрлық құжаттандыру сияқты бағыттарды жетілдіру маңызды.
Қазақстан Smart Cargo жүйесін іске қосып, оны Одақ елдерімен ықпалдастыруға дайын. Жасанды интеллект негізінде бірыңғай жүк ағынын басқару платформасын құру жүк тасымалын жылдамдатып, шығындарды азайтады.
- Өндіріс пен агроөнеркәсіпті цифрландыру
ЕАЭО экономикасының негізі – өндіріс және ауыл шаруашылығы. Инновациялық жобаларды қолдау, стартаптарды дамыту, цифрландыру және автоматтандыруға жағдай жасау – ортақ мақсат. Қаржыландыру тетіктері нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс.
- Саудадағы кедергілерді жою
Әкімшілік тосқауылдар интеграцияға кері әсер етеді. Кедендік, ветеринарлық, санитарлық және басқа да бақылау шаралары қысым құралына айналмауы керек.
Тәртіптің орындалуын қамтамасыз ету – Еуразиялық экономикалық комиссияның басты міндеті. Қолдан жасалған шектеулерді болдырмау үшін заңнамалық өзгерістерді ЖИ құралдарымен мониторингтеу ұсынылады.
- Сауданың жаңа географиясы
ЕАЭО халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейтуге ұмтылуы қажет. Моңғолия, Индонезия, БАӘ және басқа мемлекеттермен келісімдер – соның дәлелі. Алдағы уақытта Азия, Араб әлемі, Африка және Жаһандық Оңтүстікпен бизнес-диалогты күшейту маңызды.
Қорытынды
Экономикалық интеграция – жаңа өндіріс ашуға, жұмыс орындарын арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және еркін сауда кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстан төрағалығы кезеңінде барлық міндеттемелерді тиімді орындауға дайын және ортақ мақсаттарға бірге қол жеткізетініне сенеді.





