Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі инвестициялық және агроөнеркәсіп жобаларының жүзеге асырылу барысын көрді.
Сапар барысында ауыл шаруашылығын дамыту, өнім өңдеу, су үнемдеу технологияларын енгізу және индустрияландыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері облысқа 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға жоғары. Соңғы екі жыл ішінде жалпы құны 242 миллиард теңгені құрайтын 56 жоба іске қосылған.
Президентке өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындар жұмысы көрсетілді. Олардың қатарында:
-
«Қазфосфат» – минералды тыңайтқыштар өндірісі;
-
YONGGANG CENTRAL IRON and STEEL – металлургия зауыты құрылысы;
-
«ЕвроХим-Қаратау» – күкірт қышқылын өндіру жобасы (алғашқы өнім ішкі нарыққа жеткізілді);
-
Shengtai Biotech Co.Ltd – жүгері өңдеу зауыты ($1,5 млрд инвестиция);
-
Zhongkai Kazakhstan International Company – қант зауытының құрылысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы индустриалдық аймақта орналасқан KAZ FMWORLD AGRICULTURAL MACHINERY компаниясының ауыл шаруашылығы техникаларын шығару өндірісімен танысты.
Сапар аясында Тоқаев биыл іске қосылған Dala Glass әйнек зауытына барды. Жобаға 1 миллиард теңге инвестиция салынған, зауыттың жылдық қуаты – 500 мың шаршы метр әйнек, қазіргі таңда 50 адам жұмыспен қамтылған.
Мемлекет басшысы кәсіпорын ұжымымен тілдесіп, оларға табыс тіледі.





