Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиында Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығын лайықты нәтижелермен қарсы алу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, биыл еліміз үшін ерекше тарихи маңызы бар жыл. Президент мерейтойлық дата өткен жолды саралап қана қоймай, алдағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды кезең екенін атап өтті.
«Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мерейлі датаны құр сөзбен емес, нақты жетістіктермен және қажырлы еңбекпен қарсы алу маңызды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстан үшін ауқымды өзгерістер жылы болып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, ел қоғамдық өмірдің барлық саласында жаңғыруға ұмтылып, орнықты даму жолына түсті.
«Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті», – деді Президент.





