Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Батыл шешім қабылдамасам, халық екіге бөлінуі мүмкін еді – Садыр Жапаров

Батыл шешім қабылдамасам, халық екіге бөлінуі мүмкін еді  – Садыр Жапаров

 Қырғызстан республикасының президенті Садыр Жапаров «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиевке қазіргі елдегі қалыптасқан саяси ахуалға байланысты сұхбат берді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагозов әлеуметтік желіде жариялады. 

7kun.kz сайты екеуара әңгімені қазақ тіліне ықшамдап аударып жариялауды жөн санады.  

– Садыр Нұрғожоұлы, қазіргі таңда қоғамда ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі – Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – ҰҚК төрағасы Камчыбек Ташиевтің қызметінен кетуі және одан кейінгі кадрлық әрі құрылымдық өзгерістер. Көпшілік үшін ҰҚК төрағасын қызметтен босату туралы шешіміңіз күтпеген жағдай болды. Баспасөз хатшыңыз Камчыбек Ташиевтің атын жамылған адамдар қоғамды бөлшектеуге ұмтылғанын қысқаша айтты. Айтылып жүргендей, бұған «75 адамның хаты» себеп болған екен. Осы «75 адамның құпия хатының» артында кімдер тұр және олардың негізгі мақсаты қандай?

– Түсініктеме бермей-ақ қояйын деп едім, бірақ сұраған соң жауап берейін. Біріншіден, 2021 жылы халықтың басым бөлігі маған сенім артып, мемлекет тағдырын тапсырды. Конституция бойынша Президент мемлекеттің тұтастығын, халық пен мемлекеттік қызметкерлердің бірлігін қамтамасыз етуге міндетті. Мен бұл міндетті нақты орындадым.

Өйткені, мемлекет пен халықтың мүддесі қызметтен де, достықтан да жоғары тұрады. Барлығы Жогорку Кенештен басталды. Кейбір депутаттық топтар депутаттарды шақырып, «біз жақтасың ба, әлде ана жақтасың ба?» деп бөле бастады. «Бұл қай жақ, анау қай жақ?» дегендерге «мынау – генералдың жағы», погонды көрсетіп, «ал анау – президенттің жағы» деп түсіндірген.

Кейін бұл бөліну жергілікті жерлердегі «ақсақалдарға» да жетті. Олар мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы қол жинап, «жоғары жақпен келісілген», Жогорку Кенеш мерзімінен бұрын сайлау жариялайды деп халықты жаңылыстыра бастады.

 Егер мен дер кезінде батыл шешім қабылдамасам, қарапайым халықтың өзі екіге бөлінуі мүмкін еді. Менде депутаттар мен кейбір мемлекеттік қызметкерлерге қысым жасалғаны туралы нақты деректер болды. Оларды «егер біздің жаққа өтпесең, генералмен ісің болады» деп қорқытқан. Сондықтан осындай шешім қабылдауға тура келді.

Шешім қабылдар алдында досыма телефон шалып, жағдайды түсіндіріп, қызметтен босататынымды айттым. Осылайша, оны да қорғадым деп есептеймін.

 Себебі, айналасындағы кейбір адамдар – «ақсақалдар ма, көк сақалдар ма» – оны дұрыс жолдан тайдыруға тырысқан. Олар Камчыбек Ташиевтің атын пайдаланып, «генералдың жағына өтіңдер» деп парламент депутаттарына, жауапты мемлекеттік қызметкерлерге, қоғамдағы беделді адамдарға шыққан. 

Егер мен оны қызметтен босатпағанда, мұндай әрекеттер күшейіп, мемлекеттік құрылымдар мен қоғам ішінде алауыздық туындап, тіпті қақтығыстарға дейін жетуі мүмкін еді. Мен үшін мемлекеттің тұрақтылығы бәрінен жоғары. 

– Қоғамда «Жапаровтың командасы», «Ташиевтің командасы» дегенді естіп қаламыз. Бұған не дейсіз?

– Кадрлық тағайындауларда ешқандай бөліну жоқ. Әрбір тағайындау мұқият тексеруден өтеді. Мен әрдайым мемлекетке адал қызмет ететін, принципшіл, кәсіби мамандарды ұсынуды талап етемін. Сондықтан «Жапаровтың командасы» немесе «Ташиевтің командасы» деген түсінік дұрыс емес.

– Сайлауға байланысты «бір мерзім өзі, бір мерзім жақын досы отырады» деген келісім болғаны айтылып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Қырғызстан – демократиялық мемлекет. Елді кім басқаратынын шағын топ емес, халық шешеді.  Конституцияға сәйкес, әрбір азамат сайлауға қатысуға құқылы. Президент болып халық сенім артқан, рейтингі жоғары кандидат сайланады.

 «Бір мерзім анау, бір мерзім мынау» деген сөздер демократиялық қағидаттарға да, саяси мәдениетке де сай келмейді. Бұл халықтың таңдау құқығын жоққа шығару әрекеті ретінде қабылданады.  

– Конституциялық сотқа жүгінуге не себеп болды?

 – Қоғамда туындаған күмән мен даулы мәселелер заңды әрі нақты жауап алуы тиіс деп санаймын. Қырғызстанда Конституциялық сот бар, ол Конституцияға қатысты мәселелер бойынша түпкілікті құқықтық баға бере алады. Сондықтан бұл – құқықтық әрі қисынды қадам.

– Кейбір депутаттардың сынын сол «75 адамның хаты» аясындағы бір науқанмен байланыстыруға бола ма?

– Қазір тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу бастаманың ауқымын және қатысушылар санын нақты көрсетеді. Мүмкін, қатысушылар саны айтылғаннан да көп болуы ықтимал. Нақты жауапты тергеу аяқталған соң айтамын.

– Жогорку Кенеш төрағасы қызметінен өз еркімен кетті. Бұл соңғы оқиғалармен байланысты ма? 

– Тікелей байланысты деуге асықпаймын. Мүмкін, сол адамдардың ықпалына түскен шығар. Бәлкім, депутаттардың бөлінуіне жол бергенін түсініп, жауапкершілік сезінген болар.

– Қазір ҰҚК реформасы талқылануда. Қандай өзгерістер күтеміз?

– ҰҚК өзіне жүктелген міндеттерді орындады, кей бағыттарда артығымен де орындады деуге болады. Бірақ мемлекет – тірі организм, ол үнемі дамып, өзгеріп отыруы тиіс. 

Бұрын ұлттық қауіпсіздік алдында бірқатар сын-қатер тұрса, қазір мүлде басқа қауіптер бар. Осыны ескере отырып, заманауи қауіптерге жауап бере алатын сапалы реформа жүргізіледі. Мемлекеттік институттар уақыт талабына сай жаңарып отыруы қажет.

– Әлеуметтік желілерде кейбір арнайы қызмет өкілдері жеке мүддесін көздеп, заңсыз әрекетке барғаны туралы айтылады. Бұл деректер тексеріле ме?

– Бізде заң бұзғандарды қорғау деген түсінік жоқ. Мемлекет заңды бәрінен жоғары қояды. Бұл қағида жақын туыстарымызға да қатысты қолданылған жағдайлар болды.  

Заң әрқашан жұмыс істеді және істей береді. Егер арнайы қызмет немесе басқа мемлекеттік орган өкілдерінің заң бұзғаны анықталса, олар міндетті түрде жауапқа тартылады. Заң алдында бәріміз теңбіз.

 – Сізді және Камчыбек Ташиевті «ескі дос» деп атайды. Соңғы шешімдер достыққа әсер етті ме?

 – Достығымыз сақталады. Қызметтен босатар алдында онымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірдім. Шешім мемлекет пен халықтың тыныштығы үшін қабылданды. Достықты қызметпен немесе мүддемен байланыстыру дұрыс емес.

 – Соңғы сұрақ. Коррупция және қылмыспен күрес жалғаса ма?

– Ешқашан тоқтамайды. Коррупция мен қылмысқа қарсы күрес тәулік бойы жүргізіледі. Мен бұл бағытта талапты әрдайым қатаң қойдым және қоя беремін. Елімізде қылмыс пен коррупция болмауы тиіс.

Ұқсас материалдар