Жапония ұлттық жасанды интеллект жобасына 6,3 млрд доллар инвестициялайды
Жапония үкіметі жеке сектормен бірлесіп ұлттық жасанды интеллект жүйесін әзірлеуге бағытталған ауқымды жобаны іске қосады.
Жобаның жалпы құны шамамен 3 трлн иенге бағаланып отыр, деп хабарлайды Yomiuri басылымы.
Жоспарға сәйкес, 2026 қаржы жылынан бастап Жапония үкіметі бес жыл ішінде 1 трлн иенге жуық (6,3 млрд доллар) инвестиция құяды. Сонымен қатар 2026 жылға арналған бюджет жобасына 300 млрд иеннен астам қаржы енгізіледі.
Келесі жылдың көктемінде SoftBank және тағы оннан астам жапон компаниясы елдегі ең ірі базалық ЖИ моделін әзірлеу үшін бірлескен кәсіпорын құрады. Жобаға шамамен 100 маман тартылады.
Ал SoftBank алты жыл ішінде 2 трлн иенге жуық (12,7 млрд доллар) инвестиция салуды жоспарлап отыр. Қаражат негізінен жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарын салу мен пайдалануға бағытталады. Қазіргі уақытта компания Хоккайдо мен Осака өңірлерінде дата-орталықтар құрылысын жүргізіп жатыр, оларды 2026 жылға дейін іске қосу көзделген.





