Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен штаб отырысында жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі талқыланды.
Жиынға салалық қауымдастықтар мен ірі кәсіпорын өкілдері қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы жеңіл өнеркәсіп өндірісі 13,2%-ға өсіп, 260 млрд теңгеге жеткен. Сала құрылымында тоқыма өндірісі 60%-дан астамды, киім өндірісі 32%-ды, ал аяқ киім мен былғары бұйымдары 6,5%-ды құрайды. Кәсіпорындардың басым бөлігі – шағын бизнес субъектілері.
Саланы дамыту мақта мен теріні терең өңдеу, синтетикалық талшық өндірісін кеңейту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ салада жаңа жобалар іске асырылып жатыр.
Жиын қорытындысында жеңіл өнеркәсіпті дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеу тапсырылды.





