Алтын адам Отанына саяхат

96

Алматы облысында көзтартатын көрікті жер көп. Оны насихаттау, ақпарат тарату қалам ұстаған қауым үшін парыз.

Жазда бір топ қазақ журналисі Қазақ елінің көрікті жерлерін насихаттау мақсатында табиғаты әсем, әйгілі Көлсай, Қайыңды көліне барды. Жақында осы сапар  Алтын адам табылған Еңбекшіқазақ ауданындағы тарихи-мәдени және туристік орындарға саяхатпен жалғасты. 

Алматыдан 70 шақырым жерде орналасқан ең ірі ауданға жол 1,5 сағаттық. Әріптестердің тамаша көңіл-күйі жолды тіптен қысқартты.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі ұйымдастырған баспасөз-туры әлемге «Есік»  мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынын басталды.

Қазақ журналистері қорық-мұражай аумағындағы қорғандардың бірінде жүріп жатқан археологиялық жұмыстармен танысып, мұражайға қойылған  бірегей жәдігерлерді тамашаладық.

Мұражайдың алғашқы залы сақ мәдениетіне арналса, екінші залы «Алтын адамның» ашылу тарихына арналған. Бұдан өзге  мұнда  «Қазақстан археологиясы» залы, көрмелер өтетін зал бар. Біз бұл мұражайдың басты жәдігері — Алтын адамды көруге асықтық.

Алтын адам — залдың дәл ортасында орналасқан. Мұражай қызметкерлері бізге қазақ мемлекетінің символына айналған ескерткіш хақында көптеген мәліметтер берді. Толықтай саф алтынмен көмкерілген Алтын адамның бойы 165 см. Оның бас киімі яғни, тәжі және мөр қызметін атқарған қолындағы сақинасы оның билеуші болғанын білдіреді. Қаңқа сүйегін зерттей келе оның ер бала екені дәлелденген. 

Қорғандағы зерттеу жұмыстарының барысымен таныстырған қорық-мұражай директоры Тасқын Тойбаевтың айтуынша, ауданда 300-ден астам сақ обалары бар. Оның 82-і қорғау аймағанында. Биылғы жылы Рахат қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, көптеген  жәдігерлер табылған. Айтуларынша, табылған құнды заттар бір-екі ай көлемінде арнайы көрмеге койылмақ. Атап өте кететін жағдай, археологиялық қазба жұмыстары   қытайлық музейлендіру әдісін пайдалануды қолға алған. Яғни, заттарды қазып алып тастап кетпей, адамдар аралап көретіндей жасамақ. Табылған сол қалпында көре аласыз деген сөз. Есік қорымында табылған жәдігерлерді өз көзіңмен көремін десеңіз, міндетті түрде жолай соғыңыз.

2010 жылы ашылған мұражайға қазақстандықтармен қатар, бүгінде алыс-жақын шет елден келушілер де көп екен. Біз барғанда, мұражай Америка мен Германиядан келген саяхатшыларға толы болды. Біз олардың бірін сөзге де тартып үлгердік.  

Америкалық турист: Димаштың елін көруге келдім

Есік мұражайында танысқан қария Американың  Калифорния штатынан  келгендігін айтты. Есімі Роберт екен. Жұбайы, бала-шағасымен келіпті. Арамыздағы әріптестер,  азды-көпті білетін ағылшыншаларын салып, тілдессек,  Қазақ елін Димаш арқылы алғаш естіп біліпті: «Димаш Құдайбернің инстаграм парақшасында «Алдын адаммен» түскен суретін көріп, әйгілі әншінің елін көріп, Алтын адам табылған жерді өз көзіммен көру үшін арнайы келдім», деді шашын ақ шалған американдық қария. Біз таң қаласымызды жасырмай, туризмді дамыту үшін бір Димашта жетеді екен ғой дестік. Тіпті, Димаш арқылы елімізді жарнамалаудың түр-түрін көз алдымызға елестетіп, қиялдап та алдық. Бір әріптес: «Бір Димашты мәшинеге салып-ап, бүкіл Қазақстанды аралап шықсаң жетеді екен ғой», деп те қалды. 

Осы сынды бұл өңірге көптеген шетелдіктер Алтын адамды арнайы тамашалауға келеді екен. Тасқын Тойбаевтың айтуынша, биыл келуші шетелдіктердің саны ерекше көп. Биыл Димаштың елордада өткен концертінен кейін арнайы осы мекенге ат бұрған шетелдіктер де болыпты. 

Қарияны Есік көлінде қайта көріп қалдық. Ол тұмса тұнған табиғаттың көркіне тамсанғандығын жасырмады. Аудармашысы: «У Вас не тронутая земля. Как красиво здесь. Вы счастливый народ», деп қарияның айтқанын орысша аударып берді. 

Іле-Алатаудың інжу-маржаны — Есік көлі 

Көлсай көліне ұқсатқан Есік көліне, бастауын Іле Алатауының мұздықтарынан алатын  ауданның ең үлкен өзені Есік өзенімен бойлай шықтық. Табиғаттың таң-тамаша туындысы — Есік көлі  бізді таңқалдырды. Көз тоймас тамаша келбетіне тамсанып, Іле-Алатаудың інжу-маржанына айналған көлге сүйсініп қайттық. Моторлы қайықпен қайталанбас сұлулығын тамашаладық. Естелік болсын деп, фото, видеоға армансыз түстік. Бұл жер бүгінде көпшілік келетін демалыс орнына айналған. Көлдің пайда болуын сұрастырсақ, көл тау көшкінен пайда болған екен. 1963 жылы бұл аумақта қатты сел жүріп, табиғи бекетті бұзып кеткен. Ең таңқалдырғаны, сол табиғат апатынан кейін Есік көлі дүниеге келсе, екіншісі, мыңдаған жылдардан кейін, оны талқандап бұзған…

Апатқа дейін, көлдің суы терең болған, келушілер үшін арнайы үлкен шипажай, қонақүй, мейрамханалар жұмыс істеген. Бұл аймақта көбіне мемлекет басшылары, Қазақстанға келген шетелдік меймандар демалған екен.  Қазір ол шипажайлардың орны да жоқ. Тек дүркіреп тұрған кезеңді еске алатын аялдама ғана қалған. Апаттан соң селден қорғайтын жаңа бөгеттер, арнайы плотина салынған. 

Біз Есік көлін інжу-маржанға теңесек, бұл жерде нағыз інжу-маржан болып саналатын — «Жасыл көл» деп аталатын көл бар екен. Суы мөп-мөлдір, таза болғандықтан көкшіл тартып тұратын көл таудың ең биігінде орналасқан. Оған тек шыдамдылар ғана шыға алады екен. 

Хан балығы — Форель

Есік көлін тамашалағаннан кейін, форель шаруашылығына барып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Балық аулап, хандар балығы деп саналатын форельдің де дәмін көрдік. Бұл жерде де адам қарасы көп болды. Бала-шаға, отбасымен келген елдер көп. Мұнда қармақты жалға алып, балық аулауға болады. Жалға алу құны — 300 теңге. Аулаған балығыңды келісі 1900 теңгеден алып кете  аласың. Бұл жер балық аулағанды жақсы көретіндер үшін таптырмас жер екен.  Онда демалуға арналған тапшандар мен үстелдер әдемі Есік өзені бойы жағалай орналасқан. Саф таза ауада, ас ішіп, шәй ішкенге не жетсін?! Бұл өңірге келіп жатсаңыз, міндетті түрде соғып, өзен жағалай қыдырып, ашық аспан астында хан балығының дәмін көріңіз. 

«Махаббат сарқырамасы»

Бағдарламамыз тығыз болғандықтан біз Түрген шатқалына асықтық. Онда тілшілерді Түрген ауылдық округінің әкімі Бота Елеусізова қарсы алып, сәт-сапар тілеп, сарқырамаға шығарып салды. 

Түрген шатқалында 7 сарқырама бар екен. Біз солардың бірі — «Аюлы» сарқырамасына бардық. Бұл сарқыраманы «Махаббат сарқырамасы» деп те атайды екен. «Аюлы» сарқырамасын көру үшін жоғары жетелеген соқпақ жолмен  40 минуттай жаяу көтерілдік. Жолай әсем табиғат пен өсімдіктерін әлемін тамашаладық. Біз шыққан сарқырама ең жақыны болса да, тауға қарай көтерілу оңай болмады. Бір аяқ соқпақ жол бітпейтіндей көрінді. Қиыршық тастар да аяққа батып жүргізбеді. Сондықтан саяхатқа шығарда ыңғайлы аяқ киім киіп шыққан жөн. 

Жерден 30 метр биіктікте орналасқан,  жартас арасынан төмен қарай құйылып жатқан  сарқыраманың салқын лебі, мұздай тамшылары бірден шаршағанымызды басып, әп-сәтте сергітіп, сұлулығымен тамсандырды. Қыран құстай шыңның басынан әсем көріністі тамашалап, күш-қуат алдық. Бәріміз жиналып, Алатау көгінде көк байрағымызды желбіретіп естелік фотоға түстік.  Мұздай суына беті-қолды жуып, тілегімізді айтып қайттық. 

«Аюлы» сарқырамасына баратын көпірден жоғары жерде «сұлулық көз» деп аталатын мұзды бұлағы орналасқан екен. Біз уақыттың тығыздығына байланысты оған жете алмадық. Саяхатшылардың көбі тек осы сарқырамаға ғана шыға алады екен. Қалған сарқырамаларға жету қиын болғандықтан кез-келген адам бара бермейді. Сарқырамалардың ең үлкен — Қайрақты. Онда су 55 метр биіктіктен құлайды. 

Сарқырамаға шығар жол етігінде таудың таңқұрай, қойбүлдірген тосаптары мен маңайда орналасқан омарталардың таза балдарын сатып алуға болады. 

Әсем көріністерімен таң қалдыратын бұл жерлерге өту үшін Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи парк мекемесінің Түрген бақылау-тексеру бекетінен өту керек. Кіру жарнасын төлеп, техникалық қауіпсіздікке қол қойғаннан кейін парк аумағына саяхаттауға рұқсат беріледі. Жарна құны адам басына 500 теңге шамасында. 

Біз осылайша, әріптестермен жан-жадыратар саяхатқа барып, саф таза ауамен тыныстап, Құдайдың ақ пейіл, кең жүректі Қазақ еліне бере салған жерін, әсем табиғатын тамашалап, Қыдыр қонып, бақ дарыған Алтын адам Отанымен таныстық. Осы сапарда ауданның ардагер журналисі Мұрат Нақатаев өлкенінің тарихынан сыр шертсе, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, жастар саясаты басшысы Айбек Ілебаев, рухани жаңғыру бөлімінің бас маманы Динара Қоқанова ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Д.Қоқанованың айтуынша, Рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы 3 ірі жоба іске асса, 2019 жылы 5 жоба қолға алынған.  

P.S. Қазақстанның әр аймағында көруге тұрарлық орындар, кез келген өңірінде туризмді дамытуға сұранып тұрған көрікті жерлеріміз жетерлік. Көкшетауда Бурабай, Шығыста Марқакөл мен Қатонқарағай,   Зайсан, Ұлы Абай жері,  киелі Түркістан, Батыс Қазақстанда  Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстанда Қарқаралы, Қызыларай,  Ұлытау, керемет Тянь-Шань, Алтынемел тауларымыз, іргемізде көрікті Көлсай, Қайыңды көлдері… Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі, бай тарихы мен көркем табиғаты, тарихи нысандары бар. 

Қазақстан экономикасын дамытудың бір көзі — ТУРИЗМ. Әр аймақта қазақстандықтар үшін демалатын шипажайлардың санын арттыру, жолдарды жөндеп, сервисті жақсартса. Ақпарат заманында ең көрікті өңірлерге интернеттің жетпегені де біздің ел үшін сын. Тәуелсіздігімізді алғанымызға қаншама жыл болса да, туризм саласының әлі ақсап тұр. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ». Бұл байлықты өзіміз емес, алыс және жақын шетелден келіп тамашалап жүрген саяхатшылар әлдеқайда түсінетін секілді. Оған Көлсай мен Түрген шатқалына жасаған сапарымыздан куә болдық. Көлсайда Қытай, Франция, Еуропа, Үндістан, Корея, Чехия, Африкадан келген туристерді өз көзімізбен көрдік. Ал демалыс орындарының иелері тіпті Оңтүстік Американың Доминика, Коста Рика, Перу, әсіресе Америка елінен саяхатшылар көп келетінін айтқан еді.

Назира ЕЛЕУХАН