«Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар»: 12 томдық жинақ жарық көрді
Бүгін Алматыда 12 томдық «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» жинағы таныстырылды. Айта кетейік, Алашордаға қатысты толық мәліметтер жинақталған көптомдықты жыл соңына дейін шығару жоспарланған еді.
«Жақын күндері 12-ші том баспадан шығып, қолымызға тиді. Бүгін БАҚ өкілдеріне таныстыруды жөн көрдік. 1,5 жыл бойы жалғасқан жұмысымыз аяқталды. Алаш қозғалысы туралы толық мәлімет беруді мақсат тұттық және бұл мұратымызға жеттік деп ойлаймын», – деді ҚР Президент архиві ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Нұрымбетова.
Оның айтуынша, көптомдықта ғасырға жуық мерзім ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі Істер министрлігінің, Бас прокуратурасының архив қорларында жабық түрде сақталып келген, азаттық жолында жолында мерт болған қайраткерлер мен олардың отбасы мүшелері үстінен жүргізілген тергеу материалдары, оқиғалар мүмкіндігінше толық қамтылған.
Жобаға жетекшілік жасаған тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдінің айтуынша бұл бұрынғы Одақ көлемінде алғанда ең ауқымды, нәтижелі жұмыс деп бағалауға болады.
«Бұған дейін де тарихты түгендеу бойынша комиссиялар құрылып, жұмыс істеген. Бұл жолғы комиссияның жұмысына өте жоғары баға беремін. Бұл 12 томдықтың ерекшелігі сол – барлық тақырып қамтылды. 12 томның 6 томы тек Алашорда үкіметіне арналған. 7-8 томда тұңғыш рет оппозиция тақырыбы көтерілді. Қазақта оппозиция болмады деген өтірік. Күшті оппозиция болды. Оның қатарында журналистер, билік ішінде жүрген адамдар, әскерилер болды. Голощекинді кетіруге әрекет жасаған адамдар да бар. Сол құжаттарды да жарияладық», – деді тарихшы.
Сондай-ақ қудаланған әулеттер, Алашты қолдаған байлар туралы да тұңғыш рет жинақталған.
«Қазақ қоғамы үшін өзекті мәселе - жер. Бұл көптомдықта жер үшін күрескен әлеуметтік топтар туралы көтердік. Алаш қозғалысын қолдаған байлар бар. Осыған дейін оларды тек жаман жағынан көрсетіп келдік. Олай емес. Ол арнайы томда көтерілді. Қудаланған діни адамдар туралы құжаттарды 10-шы томға жинақтадық. Абыралы, Адай, Қарақұм, Созақ, Жетісудағы көтерілістер, халық наразылығын 11-ші томға бердік. 12-ші томда Алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі жинақталды. Әулеттерді қудалау, Кенесары, Абай тұқымдарының қудалануы да құжат түрінде берілді. Бұл құжаттар тарихты тану үшін табылмайтын еңбек», – дейді профессор.
Мәмбет Қойгелді тарихтың түгенделуінде ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің үлкен еңбегі мен қолдауы болғанын айтты.
ҚР Президенті мұрағаты қызметкерлерінің айтуынша қаңтар айында кітаптың таныстырылымы өтіп, көпшілікке ұсынылады.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Өткен 11 айда отандастарымыздың зейнетақы активтері 4,25 трлн теңгеден асты
- 28 желтоқсан, 2024