Қазақстанда көлік-транзиттік әлеуетті дамыту аясында Алтынкөл – Қорғас теміржол торабы жаңғыртылып жатыр.
Бұл нысан халықаралық көлік дәлізіндегі маңызды буын саналады және экспорт-импорт пен транзиттік жүк тасымалында үлкен рөл атқарады.
Қазір Алтынкөл – Жетіген учаскесінде екі аралықта ұзындығы 32 шақырым болатын екінші жолдар салынып, 5 жаңа және 8 қолданыстағы айырық жаңартылуда. Нәтижесінде желінің өткізу қабілеті тәулігіне 18 жұп пойыздан 33 жұп пойызға дейін ұлғаяды.
Жобалардың іске асырылу барысымен Нұржан Келбұғанов танысты. Жаңғырту жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл бастама Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөлін күшейтіп, көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.





