Қазақстанда геологиялық барлау халықаралық стандарттарға сай жаңа деңгейге өтті.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ел аумағын зерттеу көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. 2025 жылы алтын, мыс, қорғасын, мырыш және өзге пайдалы қазбалар бойынша 29 әлеуетті учаске анықталған.
Қазіргі таңда барлау жұмыстары метрлік дәлдікпен жүргізілетін егжей-тегжейлі форматқа көшкен. Бұл инвесторларға қажетті нақты деректер алуға және перспективті алаңдарды ерте кезеңде айқындауға мүмкіндік береді.
Өткен жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта кешенді зерттеу жүргізіліп, қашықтан зондтау, аэрогеофизика, геохимиялық талдау және бұрғылау әдістері қолданылған.
Арал бассейніндегі жұмыстар нәтижесінде мұнай мен газ қоры бар 20-дан астам алаң анықталды. Биыл Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бұл учаскелер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына аукциондар өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар аз зерттелген өзге бассейндерде жаңа сейсмикалық барлау жобалары іске қосылады.





