Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың елден заңсыз шығарған активтеріне қатысты тексеру жүргізеді.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутат Ринат Зайыттың сауалына берген ресми жауабында айтты.
Депутат өз сауалында Нұрбол Назарбаевтың сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған және айыппұл салынған істерін атап өтіп, оның өзге активтерінің заңдылығына қатысты сұрақтар қойған еді.
«Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230 миллион теңге айыпақы салынды. Оның барлық банк шоттары бұғатталып, жеке мүлкі мен компания кірісін басқару құқығынан айырылды.
Алайда қоғамда бұл отбасының рейдерлік жолмен иеленген базарлары мен Алматыдағы заңсыз жер телімдері туралы деректер жиі айтылады. Әсіресе атышулы «Алтын орда» базары жайлы мәліметтер көп, бірақ бұл нысандар тәркіленген активтер қатарында бар ма – әзірге белгісіз», – деді депутат.
Зайыттың сауалында үш негізгі ұсыныс қамтылған:
-
Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеу жүргізіп, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару;
-
Қайтарылған активтер мен олардың қазіргі пайдалану барысын қоғамға ашық түрде ұсыну;
-
«Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау.
Осы сауалға жауап берген Бас прокурор Берік Асылов елге қайтарылған активтер туралы жалпы мәлімет берді.
Оның айтуынша, Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссия шешімімен қазіргі таңда 1,3 триллион теңге көлемінде шаралар қабылданған. Оның ішінде 750 миллиард теңге ерікті түрде, ал 103 миллиард теңге мүлік түрінде мемлекетке қайтарылған. Бұл қаражат есебінен 400-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, 68 нысан пайдалануға берілген.
Асыловтың мәлімдеуінше, Нұрбол Назарбаевтың активтері де мемлекетке күштеп қайтарылған 112 миллиард теңгенің ішінде бар, бірақ нақты қай компаниялар екені құпия саналады.
«112 миллиард теңгенің активтері мемлекетке мәжбүрлі түрде қайтарылды. Бұл жұмыс заңмен қорғалатын құпиялылық талаптарын сақтай отырып жүргізіледі. Сіздің сауалыңызда аталған тұлға осы жұмыстың аясында қамтылған. Ал алынған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету – заң талабы», – деді Берік Асылов.
Бас прокурор депутат Ринат Зайыт көтерген мәселенің өзектілігін атап өтіп, заңсыз активтерді қайтару ісі жалғасатынын жеткізді.





