Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Еуропаға саяхат: турист кеңесі

Еуропаға саяхат: турист кеңесі

Саяхаттаған жақсы әрине, бірақ біз оны тек сырттай ғана бағалаймыз. Қиындықтарына назар аудара бермейміз. Осы орайда Facebook қолданушысы Жанна Тулендиеваның Еуропаға аттанғалы отырған туристерге арналған ақыл-кеңестерін ұсынамыз.

Жанна Тулендиева: "Еуропа сапарында жолда кездескен кейбір жәйттерді өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдім. Сонымен, жақын арада Еуропаға жол жүретін болсаңыз, қандай жәйттерді ескерген жөн? Мұқият оқып алыңыз".

1. ВИЗА
Еуропаға бару үшін Шенген виза қажет. Мұндай визамен Шенген аймақтағы 26 мемлекетке оп-оңай кіріп шыға аласыз. Ең бастысы, логистиканы, маршруттарды нақтылап алыңыз. Өйткені, әуежайда паспорт бақылау бекетінде сізден барлық құжаттарды сұрайды: ұшақ билеттері, теміржол, автобус билеттері, броньдалған қонақүй билеттері. Ескерту: билеттерді электрондық түрде телефоныңызға сақтамаңыз, телефоныңыздың зарядкасы өшіп қалуы мүмкін, болмаса Интернет қосылмауы мүмкін. Дұрысы, барлық билеттерді қағазға шығарып алыңыз. Және ең бастысы, ешқандай паникаға берілмей, паспорт бақылау бекетіндегі қызметкердің алдында өзіңізді сенімді ұстаңыз. Өйткені, ондағы қызметкерлердің барлығы – психолог. «Біздің елге қандай мақсатпен келдіңіз?» - деген сұраққа «Туризм» деп жауап беріңіз сенімді түрде. 
Логистиканы елде отырып-ақ, нақтылап ала аласыз. Ол үшін Omio деген қосымшаны жүктеп алыңыз. Поезд, ұшақ, автобустардың барлығының уақытын орыс тілінде білуге мүмкіндік бар. Және осы қосымша арқылы билет сатып ала аласыз. 
Ал, қонақүйді броньдау үшін booking қосымшасы жетіп жатыр. Қазір бұл қосымшаның құжаты Елшілікке де, паспортный контрольға да жарамды.

2. ӘУЕЖАЙ
Егер транзит жасайтын болсаңыз, шет мемлекеттің кез-келген әуежайына ертерек келіңіз. «Ой, әлі ерте ғой, бара саламын, үлгеремін» - деп, ұшақтан қалып қоймаңыз. Себебі, шетел әуежайлары өте үлкен. Бір ғана Франкфурт әуежайының өзі – бір қала. Ұшатын жолыңызды сұрап, тауып аламын дегеніңізше, бір сағаттай уақыт кетеді. Таблоға мән беріңіз. Қай жолдан ұшатыныңызды алдын-ала нақтылап оқып алыңыз.

3. ТРАНСПОРТ
Әуежайдан түскеннен кейін егер сізді алып кететін адамдар, трансфер болмаса, дұрысы метро, автобус, поездарды таңдаңыз. Себебі, такси Еуропада өте қымбат. Метро, автобус, поездарға билетті арнайы автоматтардан сатып аласыз. Біздегідей кассада билет сатып отыратын апайлар болмайды. Болған күннің өзінде де өте аз. Осы жерде айта кетейін, билетті сатып алғаннан кейін оны арнайы автоматтан тіркеуден өткізіңіз, яғни «компостировать» етуіңіз керек. Әйтпесе, сіздің билетіңіз жол жүруге жарамсыз. Егер ұстап алса, қомақты мөлшерде айыппұл салынады. 
Және 1 күндік барлық транспорт түрлерінде жүруге болатын арнайы билеттер сатылады. Ол билет метроға да, поезға да, автобусқа да, трамвайға да жарамды. Бағасы – 7 еуро.
Қаланың ішінде егер асығыс болып, таксимен жүремін десеңіз, Қазақстанда Uber.Taxi қосымшасын жүктеп алыңыз. Біздің Яндекс.такси сияқты. Еуроапның барлығы осы Uber.Taxi қосымшасын пайдаланады. Егер шетелде осы қосымшаны жүктеймін десеңіз, қомақты ақша төлейсіз. Сондықтан, елде жүктеп алғаныңыз жөн.

4. ИНТЕРНЕТ
Егер 24 сағат Интернет керек болса, сол елге барғаннан кейін жергілікті телефон компаниялардың карточкасын сатып алуыңызға болады. Бағасы арзан емес. Егер сатып алмаймын десеңіз, Еуропаның кез-келген қаласында тегін вай-фай барлық жерде жұмыс істейді. Бірақ, кіргеннен кейін оған да тіркелуіңіз керек. Тіркелу әр жерде әрқалай: ақылы және тегін.

5. ТРАНСПОРТ-2
Егер Амстердамнан Берлинге жол жүремін десеңіз, барлық транспорт түрі бар. Біз автобусты таңдадық. Себебі, арзан, әрі пересадка жоқ. Ал, поездарында пересадка өте көп. Тіпті, 6-7 пересадкаға дейін бар. Демек, ұйықтамай, бір поездан-бір поезға секіріп жүресіз. Және поездар әр жолға келіп тоқтайды. Жолдарын біліп отыру керек. Оның үстіне поездардың арасы – 10-12 минут. Осы уақыт аралығында үлгерсеңіз, үлгердіңіз. Үлгермесеңіз, ақшаңызды ешкім қайтарып бермейді.
Ал, автобустары ыңғайлы. Ішінде вай-фай, туалет бар. Бірақ, автобусқа отыратын кезде сіздің орныңыз белгіленбейді. Кез-келген жерге отырасыз. Сондықтан, ертерек келсеңіз, жақсы орындарды алуға мүмкіндік бар. 
Және жол-жөнекей 2 жерге тоқтайды. Дәретханаға шығуға, тамақтанып алуға мүмкіндік болады. Бірақ, алысқа ұзап кетпеңіз. Жүргізуші сізді ұмытып кетуі әбден мүмкін.

6. АҚША
Еуропада ешкім «наличный» қағаз ақша ұстамайды. Барлығы картамен есептеседі. Қағаз ақшамен есептесуге де болады. Бірақ, кейбір автоматтарда қағаз ақшаны қабылдамайды. Сондықтан, елде жүргенде шетелде жарайтын карта ашып алыңыз. Біз Сбербанктен аштық. Еуромызды сол картаға салып тастадық. Және шетелде есептесуге болатын «ограничениені» алып тастау керек. Картамен дүкеннен зат сатып алсаңыз, ешқандай комиссия ұсталынбайды. Зат 20 еуро болса, сол 20 еуроны ұстайды.

7. ТІЛ ТАБЫСУ
Егер неміс, француз, ағылшын тілін білмесеңіз, Google-переводчиктің оффлайн нұсқасын жүктеп алыңыз. Бізге көп көмегі тиді.

8. ӘУЕ ҚАТЫНАСТАРЫ
Кейбір әуе компаниялары сізден онлайн тіркелуді талап етеді. Егер онлайн тіркелмесеңіз, әуежайда 15 еуроға тіркейді. Мысалы, airBaltic компаниясы сондай. Біз әуежайға ертерек келіп, онлайн тіркеліп үлгердік. Және airBaltic ұшақтарында тамақ – ақылы.

9. АМСТЕРДАМҒА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМЕТТЕР
Нидерланды – наркотикке және жезөкшелікке рұқсат берген бірден-бір мемлекет. Арнайы атышулы квартал бар. Орысша «Квартал красных фонарей» деп аталады. Нидерланд нұсқасы – «De Wallen».
Мұнда тәнін саудалап тұрған жезөкшелерді суретке түсіруге тыйым салынған. Егер де көріп қойса, айыппұл салмаса да, фотокамераңыз жанында тұрған суға, каналға ұшып кетуі әбден мүмкін. Сақ болыңыз. 
Және ақыры Амстердамға келдім ғой, есірткінің дәмін көрейін, деген шешім қабылдасаңыз, мұнда да абай болыңыз. Қолдан ешқашанда сатып алмаңыз. Себебі, сапасыз есірткіден қаншама адам ана дүниеге кетіп қалған. Және бұрын-соңды қолданып көрмесеңіз, жоламай-ақ қойғаныңыз дұрыс.

10. ТАМАҚТАНУ
Ия, ең бастысы осы. Германияда түрік асханасы өте көп екен. Біз көп жағдайда сол кафелерден тамақтандық. Ал басқа жерлерден халал өнімдерді аз кездестіресіз.

11. ДӘРЕТХАНА
Еуропа бойынша дәретханалардың барлығы – ақылы. Автоматқа ақша саласыз, есігі ашылады. Бағасы – 0.50 еуро-цент. Біздің ақшаға салсақ, 200-дей теңге. Қаланың кез-келген жерінде бар. Таза әрі ыңғайлы.

12. МӘН БЕРІҢІЗ!
«Білмеген жердің ой-шұңқыры көп» дейді. Шетелде жүргенде жан-жағыңызға қарап, ақырын жүріп, анық басқаныңыз дұрыс. Паспортыңыз үнемі жаныңызда болсын. Қонақүйдегі сейфке сенім жоқ. 
Және өзіңізге ыңғайлы киініп алыңыз. Өйткені, Еуропада сіздің не киіп алғаныңызға ешкім қарамайды, шатағы жоқ. Олар да өте қарапайым, ыңғайлы киінеді.

Ұқсас материалдар