Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғау тетігі күшейтіліп, заңсыз қабылданған шешімдердің алдын алу жұмыстары жанданды.
Бұл туралы Бас прокуратураның мәліметінде айтылды.
17 желтоқсанда Президент Жарлығымен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сонымен қатар инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға жүктелді, ал өңірлерде инвестициялық прокурорлар қызметі іске қосылады. Жаңа құрылым инвесторлардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және дауларды сотқа дейін шешу бағытында жұмыс атқарады.
Бас прокуратурада Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте инвестициялық жобаларға қолдау көрсету және құқықтық қорғау шаралары талқыланды.
Комитеттің негізгі міндеттері:-
инвесторлардың құқықтарын қорғау және бұзушылықтардың алдын алу;
-
проблемаларды тудыратын себептерді анықтап, жою;
-
дауларды сотқа дейін реттеу;
-
мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру;
-
халықаралық-құқықтық өзара іс-қимылды дамыту.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, басты мақсат – қылмысты болғаннан кейін жазалау емес, заңсыз шешімнің алдын алып, әділеттілікті дер кезінде қалпына келтіру.
Нәтижелер:-
«Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілгелі бері 1 100 шешім кері қайтарылған;
-
400 тексеру, 480 әкімшілік іс жүргізу және 210 шектеу шарасының алды алынған;
-
азаматтық даулар 32%, сотқа жүгіну 33% қысқарған.
Сондай-ақ «Жасыл дәліз» жобасы аясында жоғары технологиялық және ірі халықаралық инвесторларға қолдау көрсетілуде. Бұл тетікке 137 жоба енгізілді, мемлекеттік қызмет көрсетудің кейбір мерзімдері 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Қазіргі уақытта прокурорлар жалпы құны 76 трлн теңгелік 1 790 инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр. Олардың қатарында 23 трлн теңгенің жобалары бойынша 2 мыңға жуық инвесторға құқықтық қолдау көрсетілген.
Биыл созылып кеткен мәселелер мен әкімшілік кедергілерге байланысты 145 проблема шешіліп, 326 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.





