Қазақстанда соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру көлемі тұрақты өсіп келеді.
2019 жылы өндіріс 106 млрд кВт·сағат болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 123,1 млрд кВт·сағатқа жетті. Осылайша өсім шамамен 16 пайызды құрады.
Саладағы нәтижелер қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту және жаңа жобаларды іске қосу есебінен қамтамасыз етілген. 2025 жылы Текелі энергия кешені мен Топар ГРЭС нысандарында жобалар іске қосылып, жалпы қуаты 166 МВт болатын дәстүрлі генерация пайдалануға берілді.
2026 жылы елде электр энергиясын өндіру көлемін 126,5 млрд кВт·сағатқа жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өсім қуаттылығы 2,4 мың МВт болатын жаңа станцияларды іске қосу арқылы жүзеге аспақ.
Жылдың негізгі жобаларының қатарында:
-
Қызылорда қаласында 240 МВт бу-газ қондырғысы,
-
Түркістан өңірінде 1000 МВт бу-газ станциясы,
-
Алматы 2-ЖЭО және Алматы 3-ЖЭО нысандарын жаңғырту (жалпы қуаты 1100 МВт-тан астам),
-
сондай-ақ Атырау мен Текелі қалаларындағы энергетикалық қуаттарды кеңейту жобалары бар.
Осы жобалардың жүзеге асуы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





